Түркия туризімді қалай дамытты? Бұл сол елге саяхаттап баратын ел азаматтарының басты сұрағы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Нұрмұхамед Байғараев Түркияның аймақтарын аралап, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
"Ойға келген алғашқы жауап - Түркия туризм секторына үлкен көлемде инвестиция тарта білген. Тұрғыт Өзал саясатынан кейін Анталья және басқа өңірлерде туризм инфрақұрылымы қалыптаса бастаған", - деп жазды пікірін.
Инфрақұрылым - басты сөз. Онсыз ешбір турист теңізіңе, тауыңа, далаңа келмейді. Ал бүгінде Антальяда 800-ден аса қонақ үй бар екен. Оның 50% жуығы 4-5 жұлдызды. Осы өңірді көлікпен араласаңыз, 7-8 қабатты қонақүйдің сан түрін көресіз. Каппадокияда бір уақытта 150-ге жуық шар ұшады. Бұл - үлкен инвестиция жемісі.
Оның бәрін салуға үкіметтің ақшасы жетпейтіні анық. Тіпті, түрік бизнесінің де қаражаты көтермейді. Яғни, Түркия өзінің және шетелдің ірі кәсіпкерлерін "біздің туризмге инвестиция құйсаң, ұтылмайсың, пайда табасың" деп сендіре білген.
Осы ақшаға инфрақұрылым тізбегі дұрыс құрылған. Түрік әуекомпаниясымен ұшып келесіз. Жергілікті автобус қонақүйге жеткізеді, сонда қонасыз. Ерекше жерлеріне барып, тамашалайсыз. Жолай сувенир, басқа тауар аласыз. Бәріне төлейсіз. Бар ақша Түркия нарығында қалады. Осылай бұл ел былтыр туризмнен 54 млрд доллар тапқан.
Әрине, мұнда туризмді дамытуға жайлы субтропикалық климат көп көмек болған. Күн суытса да, көп отель лық толы. All inclusive сервисі тартымды. Келесі жылға да бронь көп. Яғни, менеджмент дұрыс жұмыс істеп тұр.
Бірақ бар мәселе климатта емес, ауа райы осыған ұқсаса да, туризмі кенжелеген елдер баршылық.
Үкіметтің де қолдауы жоқ емес. Жолаушылар үшін әуекомпанияларына субсидия береді. Жаңа инвесторға жер табуға көмектеседі.
"Сонымен, ұтымды географиялық жағдай, жайлы климат, үлкен инвестиция, дамыған инфрақұрылым, менеджмент, үкімет қолдауы, арзан жұмыс күші, ішкі өндіріс, логистика, сауатты маркетинг қазіргі нәтижені беріп отыр деген тоқтамға келдім", - дейді журналист.
Қазақстан турзим саласындағы әлеуетін дамыту үшін инфрақұрылымды дамыту, халықаралық инвестицияларды тарту бойынша іс-шаралар жасауы керек. Мысалы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада Швейцария, Нидерланд, Италия, Түркия, Қытай, Қырғызстан және басқа да елдердің жетекші БАҚ өкілдерімен кездесті. Ержан Еркінбаев іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның туристік саладағы жетістіктері мен даму әлеуеті жөнінде айтып беріпті.
«Біз инвестиция көлеміне қарамастан әрбір инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазақстан туристік инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып келеді: қазірдің өзінде 449-ға жуық жоба іске асырылды, алдағы уақытта 300-ге жуық жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қадамдар Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестицияларды тартудағы еліміздің жетекші ұстанымдарын сақтауға және халықаралық аренада ықпалды күшейтуге бағытталған», – деді Ержан Еркінбаев.