Инфрақұрылымның қымбаттығы мен сапасыздығы Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілетін біршама төмендетуде - Денис де Трей



Әлемдік банктің аймақтық өкілдігі жетекшісінің атап көрсетуінше, ТМД елдері мен аймақ шеңберінде Қазақстан экономикалық өсім мен реформалар бойынша жетекші ел болғанымен, басқа да ТМД елдері сияқты оның мұраға алып қалған ортақ бір дүниесі бар , ол - "ұшы-қиырсыз тозығы жеткен инфрақұрылымы". "Зерттеу мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстандағы газ құбырларының 40 проценті жұмыс істемейді, халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың 30 процентінің техникалық ахуалы мүшкіл". "Бұл жолдардың 8300 шақырымы Қазақстанның экспорты үшін де, басқа елдердің транзиттік тасымалы үшін де маңызды негізгі жолдар болып табылады",- деді ол.
Сонымен бірге Д.де Трейдің пайымдауынша, Қазақстандағы темір жолдар да тиімді пайдаланылмай отыр. "Қазақстан мен басқа елдер арасындағы транзиттің қазіргі жылдамдығы темір жолдарды пайдаланудағы техникалық мүмкіндіктің небәрі бестен бір бөлігін ғана құрап отыр",- деді Әлемдік банктің топ-менеджері. Оның айтуынша, егер Қазақстан темір жолдарда тиімді жүйе құра алған жағдайда "Стамбулмен арадағы транзиттің жылдамдығы 22 күнге артар еді". "Бұл әсіресе әлемдік бәсекеге түскісі келетіндер үшін үлкен пайда екені анық", дейді ол.
Денис де Трей инфрақұрылымдық қызметтердің, әсіресе, байланыс қызметінің қымбаттығын ерекше атады. "Қазіргі экономика үшін шетелдермен байланыс аса маңызды. Алайда, шетелдерге, айталық, Қазақстаннан АҚШ-қа телефон соғу, АҚШ-тан Австралияға телефон соғудан 6 есе қымбат",- дейді ол. Ал Қазақстандағы интернетті тұтыну құны Еуропа елдеріндегіден 10 есе қымбат, деді Денис де Трей. "Шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындар үшін мұндай кедергілер сыртқы нарықпен бәсекеге түсуге үлкен қиындық тудыратыны сөзсіз",- деді банкир.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті