Алматының қақ ортасында болған қарақшылық шабуылдан аман қалған Андрей Сивченко таяққа таянса да бірде-бір сот отырысынан қалған емес. 20 күнге созылған сол процеске Алматының ауданаралық соты бүгін нүкте қойды.
- Хаваж Мұхадинов 20 жылға бас бостандығынан айырылып , дүние мүлкі тәркіленсін.
Күзетшілерге қару кезенген Хаваж Мұхадинов пен Андрей Танаков енді алдағы 20 және 19 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өтеуі тиіс. Ал олардың қаруын сақтаған сыбайластары Сергей Авдяков 7 жыл арқалады. Сондай-ақ, есірткіге тәуелді Мұхадинов мәжбүрлі түрде ем қабылдайтын болады. Және бұл үшеуі марқұм инкассатордың жесіріне 5 млн теңге өтемақы беруілері керек. Бірақ кішкентай баласымен қалған келіншек мұның өзім тым жеңіл жаза деп отыр.
Татьяна Крылова, марқұм О.Крыловтың жары:
-Судья қылмыскерлерге жазасын берді. Бірақ мен салық төлеуші ретінде өлім жазасының болғанын қалаймын. Мен адам өлтіргендерге жағдай жасалатын түрмелердің демеушісі болғым келмейді.
Ал 14 млн теңгені тасымалдау барысында жараланған инкассатор Андрей Сивченко қазір екінші топтағы мүгедек. Тиген екі оқтың бірі әлі денесінде екен. Сондықтан қайта операция жасалуы тиіс.
Андрей Сивченко, жәбірленуші:
-Олардың сөзіне сенбеймін. Оқ ату ойымызда болмады, қылмысқа барғымыз келмеген. Сондықтан «ақшаны алмадық» деп бір айтып, келесі күні қарсы оқ атылғандықтан із суыттық деді. Қалай болса да, жасағандары үшін жауап береді енді.
Қорғаушы тарап әрине үкімге келіскен жоқ. Сондықтан алдағы күндері апелляциялық сотта әрекет жасап көрмек.
Қайрат Дауылбаев, Х.Мұхадиновтың адвокаты:
–Қалалық сотқа шағымданамыз. Енді 20 жыл деген көп деп санаймын. 17-18 жыл берсе де, болатын еді ғой.
-Қарақшылық шабуыл тура жарты жыл бұрын осы Республика алаңының жанында болды. «TravelExpress» компаниясының күзетшілері ақша толы қапты аралап шыға бергенде 2 қаскөй тап берген. Атыс кезінде бір инкассатор мерт болып, біреуі жараланды. Ал қарақшылар 14 млн теңгені алып үлгермей із суытқан. Енді жолы болмаған сыбайластар ұзақ уақыт бостандық көрмейтін болады.