Интернет-кеңістікте деструктивті сипаттағы 2 971 материал жойылды

Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

«Интернет-кеңістікте жүйелі түрде діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Контентті анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Діни тақырыптағы құқыққа қайшы және резонанстық материалдарға ден қоюға көмектесетін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Жұмыс нәтижесінде 97 мыңнан астам деструктивті сипаттағы сілтеме бұғатталды. Қазақстандық қолданушылар үшін 248 материалға қолжетімділік бұғатталып, 2 971 материал жойылды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің жауабына қосымша берілген анықтамалық материалға қарағанда 20 мыңнан астам адам әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттау көздерінен бас тартты. 2023 жылдың басынан бері желілерде экстремистік материалдарды таратқаны үшін 70-ке жуық адам әкімшілік жауапқа тартылды.