"Біздің пайымдауымызша, және біз бұған сенімдіміз, тосқауыл біздің ең ірі, монополист провайдер "Қазақтелеком" компаниясы деңгейінде жүзеге асқан", - деп хабарлады "Радио Инкар. Инфо" бас редакторы Сергей Хецуриани.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта сайт өзге мемлекеттерден ашылады. "Біз бұл туралы тыңдаушыларымыздан естіп, білдік. Сондай-ақ, арнайы бағдарламалардың көмегімен сайттың басқа аймақтарда ашылу-ашылмауын тексердік. Тек Қазақстанда ғана ашылмайтын болып шықты".
Бұдан бұрын сайтқа өткен жылдың қазан айында тосқауыл қойылған еді. Сол кезде, бас редактордың айтуынша, төрт сайтқа тосқауыл қойылған. Пайдаланушылар сайтты аша алуы үшін "Радио Инкар. Инфо" хостингін өзгертуге мәжбүр болған.
"Дүйсенбі күнінен бастап (11-ақпан - агенттік ескертпесі) бізді тыңдаушыларымыз аша алатын болды", - деді С. Хецуриани. Оның айтуынша, ол төрт күнге созылып, жұма күні таңертең сайтты ашу қайтадан мүмкін болмаған.