Инвесторлар Наурыз банкті сауықтыру шарасына қатысудан бас тартты

Инвесторлардың есебі бойынша, Наурыз банкті сауықтыру үшін кем дегенде 50 млн. доллар қаржы жұмсау қажет. "Бұл көлемді инвесторлар тым көп деп есептейді",- деді Б.Жәмішев. Ал төртінші инвестор болуға ниет білдірген Ресейлік компанияның рейтингі жоқ болуға байланысты ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі рұқсат бермеді.

Егер "Қазақстан Наурыз банкі" АҚ-ын консервациялауға берілген мерзім - 2005-жылдың 9-қаңтарына дейін Агенттікке басқа инвесторлардан ұсыныс келіп түспесе, онда банктің лицензиясын кері қайтару және оны мәжбүрлі тарату туралы шешім қабылданады.
Наурыз банкке қатысты ахуалға талдау жасаған Б.Жәмішев бұл оқиғадан екі түрлі сабақ алу керек деді. "Наурыз банк душар болған ахуал тек еліміздің банк жүйесіне ғана емес, сонымен бірге, жалпы корпоративтік басқару саласына тән",- деп пайымдайды ол. Оның пікірінше, акционерлер құрылымының жариялы болмауы - басты қиындық болмақ. "Акционерлік қоғамдар өз акционерлері мен аффилиирлік тұлғалар туралы ақпараттың бетін ашуға құлықсыз. Бұл ахуалға талдау мен болжам жасауға кедергі келтіруде",- деді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі банк акционерлері мен аффилиирлік тұлғаларға қатысты есеп беру талаптары бойынша бірқатар өзгерістер жобасын дайындап жатқанын хабарлады.
Сонымен бірге Б.Жәмішевтің пікірінше, Қазақстандық банктердің бір осал тұсы - тәуекелдерді басқару жүйесінің әлсіздігі болмақ. "Банк басқарушысының өкілеттілігінің күштілігіне қарамастан, директорлар кеңесінің әлсіз болуы банктің қирауына себеп",- дейді ол. Алайда банктерде өз акционерлері мен аффилирлік тұлғалардың бизнесіне несие беру тәжірибесі кеңінен қалыптасқан. Бұл ретте тәуекелдер ескеріле де бермейді.
Б.Жәмішевтің пікірінше, мұндай ахуалды қалыпты деп санауға болмайды. Сол себепті ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі реттеу нормаларын жетілдіре отырып, осындай тәжірибені жою бағытында жұмыс істемекші.