Иордандықтар ядролық сынақтар құрбандарын еске алды

Аталған шараға Иорданияның беделді үкіметтік емес ұйымдары мен алдыңғы қатарлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Атап айтқанда, қонақтар арасында Парламентшілердің ядролық таратпау және қарусыздандыру одағының (Parliamentarians for Nuclear Non-Proliferation and Disarmament) және Қазақстан-Иордан достық қоғамы мүшелері болды. БАҚ тарапынан «Petra» мен «Nebras» ақпарат агенттіктері, күнделікті ағылшын тіліндегі «Jordan Times», араб тіліндегі «Ad-Dustour» және «Al-Rai» газеттері, сондай-ақ ирактық «Al-Taghier» ғарыштық арналарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел ядролық сынақтар құрбандарын еске алу мақсатында үнсіздік минутын жариялаумен басталды.

Шараға қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыздандыру және ядролық қауіпті азайту үдерісіне қосқан елеулі үлесін мойындай отырып, келешек ұрпақтың қазақ халқының осы қатерден құрбан болуын есте сақтайтынын және Қазақстан мен оның Президентінің ядролық қарусыз әлемге жолын үлгі қоятынына сенім білдірді. Қазақстанның өз еркімен ядролық қарусыздандыру жолын таңдауы осы күрделі проблеманы шешудегі күш-жігері барлық елдерге үлгі-өнеге.

Дүниежүзіндегі төртінші ядролық қару-жарақ қорынан өз еркімен бас тарту, Семей ядролық сынақтар алаңын жабу барлық халықтардың ядролық қарудан азат әлемге ұмтылуының және қарусыздану ғаламдық үдерісінің жаңа дәуірінің рәмізіне айналды.

Белгілі журналист Маруан Судах Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, еліміздің әлемдік қарусыздану үдерісіне қосып отырған үлесіне ең жоғары баға берді. «Nebras» ақпарат агенттігінің басшысы Амин Зиядат өткен шілде айында Астана күнін атап өту үшін Қазақстанға сапарын жылы еске алды. Астананы Дубайға теңей отырып, оның сәулеттік ансамбліне таңғалғанын айтты. Бұған қоса, еліміздің осындай қысқа мерзімде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуін Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі деп таныды. «Джордан Таймс» тілшісі Элиса Оддон ханым өз кезегінде «АТОМ» жобасына ерекше тоқталып, бұндай бастамалардың тек қана ядролық қару емес, сонымен бірге жалпы жаппай қырып-жою қару-жарақтарынан азат етуге ықпал ететінін басып айтты.


Осы тұрғыда интернет арқылы 70 мың, ал, Иорданияда 1,5 мыңнан астам адам қолдаған «АТОМ» жобасын айта кеткен жөн.

Одан басқа Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің бүкіләлемдік күні тақырыбына және үнсіздік минутын жариялауға қатысты мақалалар Иордания және аккредитацияланған елдердің БАҚ-тарында басылды. «Jordanian Voice» газеті мен «Nebras» жаңалықтар агенттігі бүкіл иордан қоғамын қазақстандық .нсіздік минуты бастамасын қолдауға шақырды.

Осы ретте, Корольдіктің Үкіметі үнсіздік минутына байланысты оған нақты қолдауларын танытты. Иордания Сыртқы істер және экспатрианттар министрлігі Қазақстан Елшілігіне аталған бастаманы қолдауға ниетті екендіктерін білдірген ресми нота жіберді. Сондай-ақ, осы ақпараттар Корольдіктің барлық мемлекеттік ведомстволарына жолданды.

Иордания Премьер-министрі Абдалла Нсурдың және Араб елдері бойынша ядролық қарусыздану жөніндегі Парламенттік бірлестіктің үйлестірушісі Муна Махамрэнің қазақстандық бастаманы қолдайтындықтары туралы жазылған мақалалары мұның жарқын мысалы болса керек. Аталған мақалалар қазақстандық БАҚ-та кеңінен жарияланды.

Осымен қатар, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаевтың Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың бүкіләлемдік күніне және еліміздің Конституция күні мерекесіне орай эксклюзивті сұхбаттары Иорданияның «Petra» мемлекеттік жаңалықтар агенттігінде, Палестинаның «WAFA» жаңалықтар агенттігінде және Ливанның «NNA» жаңалықтар агенттігінде жарыққа шықты.

Аталған дөңгелек үстел туралы ақпараттық хабарламалар беделді газеттер мен электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының бірінші беттерінде жарық көрді.