Ипотекалық несиелендірудегі мәселелерді шешуге 130 млрд. теңге қарастырылады

Бұл туралы бүгін Ұлттық банктің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бөлінген қаражат несиелерін төлей алмай жүрген адамдардың қарыздарын есептен шығаруға жұмсалмайды. Ол ипотекалық несиелер бойынша қызмет көрсету шарттарын жеңілдетуге бағытталады. Енді Ұлттық Банк осы саладағы мәселелерді  шешудің жолдарын әзірлеу, оның негізгі өлшемдерін айқындау жұмыстарын мүдделі мемлекеттік органдармен, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігімен, банктермен және басқа да қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып жүзеге асыратын болады» - делінген хабарламада.

Айта кетелік, бұл шешім Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданып отыр.

Сол отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ипотекалық несиелер  мұрасынан арылу керек және тек мұқтаж адамдардың ғана ипотекалық несиелері бойынша қарыздарын қайта құрылымдау мәселесін шешу қажет», - деген болатын.


Жоғарыдағы шешімді дайындауға «Нұр Отан» партиясы мен Алматы қаласының әкімдігі қатысты.

Енді борыштық жүктемені жеңілдетудің тетіктерін әзірлеу мәселесі бүгін Алматы қаласында алғаш рет талқыланатын болады.