Ирактағы Қазбат бітімгершілік бөлімшесінің жауынгерлері құрамын өзгерту ақпан айында басталады

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазақбатальоны" инженерлік-саперлік отряды екі топқа бөлініп 19 және 20-тамызда Кувейтке ұшып кеткен болатын. Мұнда бітімгершілер күн райының өзгерісіне бейімделу сатысынан өтті. Отряд Бағдад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай Иран шекарасына таяу жердегі поляктарға қарасты аймақта орын тепкен. Қазақстандық бітімгершілік топтың басты мақсаты - жарылғыш заттар құрылған алаңдарды залалсыздандыру және ауыз су көздерін табу болып табылады. Ирактағы Қазақстан бітімгершілік тобында 27 адам бар.

Қазақстандық жауынгерлер онда 6 ай аялдайды деп межеленген болатын.
Бүгінде, АҚШ Қарулы күштері Орталық Қолбасшылығымен келісім бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің жоспарына сәйкес Қазбаттың екінші тобы Иракқа баруға дайындалып жатыр.