Оның айтуынша, Иранның осы жобадағы мүмкіндіктерін зерттеу аяқталуға жақын. "Иран газ құбыры Nabucco жобасының бір бөлігі болады. Оған сәйкес Еуропаға газ Иранның ірі газ кен орыны "Оңтүстік Парсыдан" газ тасымалданатын болады", - деп хабарлады Р. Казаизаде.
Естеріңізге сала кетсек, Каспийдің табиғи газын Түркия мен Балқан арқылы Орталық Еуропаға тасымалдайтын Nabucco газ құбырын салу үшін Nabucco Gas Pipeline International консорциумы құрылған. Қазіргі уақытта консорциумға 6 компания кіреді: OMV (Австрия), MOL (Венгрия), Transgaz (Румыния), Bulgargaz (Болгария), BOTAS (Түркия), RWE Gas Midstream (Германия). Әрбір компанияның үлесі 16,67% құрайды.
Жоба құны 7,9 млрд евро. Ұзындығы 3300 шақырымнан асатын Nabucco құбырының өткізу қабілеті 31 млрд текше метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2013 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.