Бүгін ирандық делегация ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен және ҚР ӘК Әскери теңіз күштерінің басшылығымен кездесті.
ҚР ӘК ӘТК бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанұзақов бүгінгі сапар Қазақстан мен Иран Әскери теңіз күштері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы тағы бір қадам екенін атап өтті.
Иран Стратегиялық әскери теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Хабиболла Сайяри өз кезегінде ыстық ықыласты қабылдауға алғысын білдіріп: «Біздің елдер өз аймағындағы беделді әрі мықты мемлекеттер. Қазақстан мен Иран Каспий теңізі бойынша көрші болып табылады. Сондықтан ынтымақтастығымыздың маңызы зор. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтудан басқа, теңіз ісіндегі өзге салаларда да, мәселен білім беру мен студент алмасу, әскери техниканы шығару және жөндеу, бірлесіп тәжірибелер өткізу және т.б салаларда ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз», - деп атап өтті.
Сапар 6 наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында делегация «Қазақстан Инжиниринг» акционерлік қоғамында болып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары алдында дәріс оқымақ.
Бұдан кейін ирандық делегация Ақтау қаласындағы 29011 ә/б болып, онда ҚР Әскери-теңіз күштерінің зымырандық-артиллериялық кемесін көреді, сондай-ақ 25744 ә/б оқу-жаттығу орталығын аралайды.
Атап өту керек, 2013 жылғы 28-31 қазан аралығында ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанұзақов Иран Ислам Республикасына сапармен барып, Хомейни атындағы Әскери-теңіз университетінде және Бендер-Аббас портында болған.