Осы жайттан кейін екі ел арасында жанжал басталды. Бұл жағдайға байланысты кейбірі үшінші дүниежүзілік соғыс болатынын айтса, ал кейбірі олай болу мүмкін емес екенін алға тартады.
Ал бұл жағдайға байланысты қазақстандық блогерлер не жазуда?
Иран мен АҚШ елдері арасындағы жанжалы жайлы ойын Caravan.kz медиа порталының тілшісі біліп көрді.
Иранның ақталуы қиын
"Azattyq" радиосының тілшісі Манас Қайыртайұлы Украиналық ұшақтың апат болуына байланысты Иранның ақталуы қиын екенін айтты.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"Украина ұшағына Иран зымыраны "тиген" сәттің видеосы пайда болды. CNN мен Нью-Йорк Таймс дереккөздерден бөлек осы видеоға дәлел ретінде сүйеніп ақпарат таратты. Алайда видео монтаж ба, жоқ па, оны айыру қиын деді (СNN). Бірақ сенуге итермелейтін екі факт бар. Бірі - лайнердің құламай тұрып жана бастағаны. Мұны апат болған күні шыққан видеодан көрдік. Екіншісі - оқиға куәгерінің сөзі. Апат кезінде жұмысқа бара жатқан Ареф Гераванд есімді иран жарылыс дыбысын естідік деген. Бұл енді ұшақтың құлаған сәтіндегі яки мына видеодағы зымыран дауысы. Енді Иранның ақталуы қиын. АҚШ айыптауын Канада премьері де қостады. Украинада да осындай күдік бар", - деп жазды ол.
Иранға бұл жайт жақсылық әкелмеуі мүмкін
Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы да бұл жайт Иран елі үшін жақсылық болмауы мүмкін екенін алға тартып отыр. Дәулетбекқызы соғыс басталса, дүниежүзіне жақсы болмайтынын айтты.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"Жақсы жаңалықтан басталмады бүгін Иран үшін.
Иран үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін.
Екі елдің алауыздығы ешкімге абырой әкелмесі анық.
Бірақ, осыны құптап отырған сайқал саясаттың жетегінде жүрген мемлекет те бар.
Иран Ирактағы АҚШ-тың базасын зымыранмен атқылады.
Ал Иранда Украинаның ұшағы құлады.
Ұшақта 180 адам болған деседі. Әдейілеп жасалынбаған нәрсе. Бірақ, Иранға бұл жайт жақсылық әкелмеуі мүмкін.
Сұм соғыс басталмасыншы деп Алладан тілейік!
Бұл соғыс басталса, дүниежүзіне жақсы болмайды. Анталап отырғандар өте көп.
Украиндық бауырларыма қайғырып көңіл айтамын.
Қайтыс болған кісілердің жатқан жері жайлы болсын!
Ұшақтағы адамдардың жанып жатқанын елестету қандай қорқынышты", - деп жазды Бибігүл Дәулетбекқызы.
"Ең мейірімді адамдар Иранда тұрады"
Блогер Самал Ыбраева ең мейірімді әрі ашық адамдар Иранда тұратынын алға тартып, екі елдің бейбітшілік келісімге келетініне үмітті.
"Мен Иранды мейірімді және ашық адамдар көп ел ретінде еске аламын. Иран бизнесінің өкілдері қазақстандық делегациямен келіссөздер жүргізгені есімде. Меніңше, біздің сапарымыз осыдан үш жыл бұрын президент Барак Обаманың атынан АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары жойылғаннан кейін болды. Сол кезде біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріміз Иранға экспорттық өнімдерді белсенді түрде ұсына бастады. Екі ел бейбітшілік келісімге келіп, барлық жанжалдар тоқтатылады деген үміттемін", - деп жазды Самал Ыбраева.