Иран мен Қазақстан бірлескен инвестициялық қор құрады

"Бүгінде бірлескен қор құруға екі тарапта да ниет бар. Іскерлік кеңестің аясында еліміздің "Бәйтерек" xолдингі мен Иранның Ұлттық даму қоры арасында екіжақты талқылаулар болды. Иранның Ұлттық даму қорының басшысы бірлескен инвестициялық қорды құру мүмкін екендігін растады", - деп атап өтті Е. Хамитов.

Холдинг директорының атап өтуінше, инвестициялық қор сәуір айында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Иран еліне сапары барысында құрылады деп жоспарлануда.

"Нақты келісімнің жобасын жасау жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Ол құжат барлық мәселелерді реттейтін болады. Келісім жобасы биыл бірінші жартыжылдықта, сәуір айында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Иран еліне сапары барысында бекітіледі деп жоспарлануда. Сол кезде ғана қордың құрылатын мерзімдері мен жарғысы белгілі болады. Қазір қандай да бір мәліметтерді айту ерте. Бірақ Иранның осы бағыттағы ұстанымы берік", - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің отырысы 6-7 ақпанда Тегеранда өткен болатын. Қазақстандық делегацияны ҚР ИДМ басшысы Әсет Исекешев бастап барды.