Иран Ормуз бұғазын жауып, мұнай бағасы өссе, Қазақстанның экономикасына не болады? Қаржыгермен сұхбат

Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық қауіпсіздіктің күретамыры. Дүниежүзінде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20%-ы және сұйытылған газдың 30%-ы дәл осы су жолы арқылы тасымалданады. Күн сайын бұл жерден 21 миллион баррельге дейін мұнай өтеді. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген шиеленіс халықаралық деңгейде үлкен дағдарысқа ұласу қаупін күшейтеді.

Осы ретте Сaravan.kz медиа порталының тілшісі қаржы маманымен сұхбаттасып, Қазақстанның ұстанатын позициясын және мұнай бағасының ел экономикасына әсерін анықтап білді. 

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін Brent маркалы мұнай бағасы биржадан тыс саудада 10%-ға өсіп, баррелі 80 доллардан асты. Ал Rystad Energy сарапшылары баға тағы да кемінде 20 долларға қымбаттауы мүмкін екенін болжады.

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық күшейген сайын, мұнай нарығындағы белгісіздік те артып келеді. Егер жағдай ушықса, сарапшылар баррель бағасы 120–150 долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтады.

Қысқа мерзімді күйзеліс: танкерлер кептелісі

Иран Ормуз бұғазын уақытша жауып, бір тәуліктен соң қайта ашты. Алайда осы қысқа уақыттың өзі нарыққа әсер етті. Бір мезетте 400-ден астам мұнай және сұйытылған газ танкерлері кептеліп қалды.

Коммерсантъ жазуынша, қауіптің күшеюі салдарынан бірқатар ірі кеме қатынасы компаниялары өз бағыттарын уақытша тоқтатты. Бұл өз кезегінде тасымал құнының өсуіне алып келді: супертанкерлердің тәуліктік фрахты алты жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, 170 мың доллардан асты.

Қазірдің өзінде Парсы шығанағына жетпей ашық теңізде жүздеген кеме аялдауға мәжбүр. Бұғаз ашылғанымен, қауіп сейілген жоқ. Иран америкалық әскери кемелерді нысанаға алуы мүмкін деген ақпараттар тарауда.

Бұл жағдай мұнай нарығын алдағы уақытта не күтіп тұрғаны туралы сұрақтарды күн тәртібіне шығарды.

Қазақстан үшін басты қауіп – бағаның құбылмалылығы

Бұл сұрақтарға жауап алу үшін біз экономист Айбар Олжаевтың пікіріне жүгіндік. Оның айтуынша, Қазақстан үшін мұнай бағасының шектен тыс өсуінен гөрі, тұрақтылығы әлдеқайда маңызды.

«Қазақстан үшін мұнай бағасының тым құбылғанынан гөрі, тұрақты болғаны жақсы. Өйткені мұнай бағасы қатты қымбаттап кетсе, Ұлттық қорға көбірек ақша түседі деген иллюзия бар. Бірақ бұл жағдайда әлемдік инфляция өседі, оның салдары бізге де тиеді. Біз ішкі инфляцияны 11,3%-ға әрең түсірдік, енді осы деңгейді ұстап тұру қиынға соғады», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, мұнайдың күрт қымбаттауы қысқа мерзімді табыс әкелгенімен, ұзақ мерзімде экономикалық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.

«Бізге мұнайдың 20–30 долларға секіріп, тұрақсыз болуы қажет емес. Орта есеппен барреліне 60–62 доллар деңгейі қолайлы. Былтыр осы көрсеткіш арқылы мұнайдан шамамен 4,9 трлн теңге табыс түсті. Биыл баға 60 доллардан жоғары болады, менің болжамым бойынша шамамен 70 доллар деңгейінде сақталады. Егер нарықта қайта-қайта волатильді шоктар болмаса, бұл Қазақстан үшін ең тиімді сценарий», – дейді ол.

Сонымен қатар, мұнай бағасының қалыпты өсуі ел бюджетіне оң әсер етеді.

«Мұнайдан түсетін табыс артады, ірі мұнай компанияларының салықтық төлемдері көбейеді. Сондай-ақ ОПЕК тарапынан қысым азаюы мүмкін», – дейді экономист.

Экспорт, теңге және сыртқы сауда

Айбар Олжаевтың айтуынша, мұнай бағасының қалыпты өсуі Қазақстанның сыртқы сауда балансына да әсер етеді.

«Былтыр импорт өсіп, ал экспорт сол деңгейде қалып қойды. Соның салдарынан сыртқы сауда сальдосы қысқарды. Егер мұнай бағасы өссе, сальдо жақсарады. Бұл теңгеге де белгілі бір тұрақтылық береді, яғни ұлттық валютаның артында нақты тірек пайда болады», – дейді Айбар Олжаев.

Жаһандық салдар: кімдер ұтылады?

Ормуз бұғазының толық жабылуы тек бағаға ғана емес, бүкіл жеткізу жүйесіне әсер етеді. Мұндай жағдайда Парсы шығанағындағы ірі экспорттаушылар — Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт және БАӘ — мұнайды балама бағыттармен жеткізуге мәжбүр болады. Бұл логистиканы ұзартып, шығынды арттырады.

Сондай-ақ әлемдегі ірі сұйытылған газ экспорттаушылардың бірі — Катар үшін де бұл үлкен соққы болмақ.

Алайда сарапшылар ұзақ мерзімді толық блокаданы екіталай сценарий деп бағалайды. Себебі мұндай жағдайда негізгі зардап шегушілердің бірі Иранның өзі болады: оның мұнай экспорты да қысқарады, әсіресе негізгі сатып алушы — Қытайға жеткізілімдер тежеледі.

Ормуз бұғазы жабылса не болады?

Сарапшы бізге берген жауабында Ормуз бұғазының толық жабылуы сценарийін де бағалады. Оның пікірінше, мұндай жағдай ұзаққа созылмайды.

«Ормуз бұғазының жабылуы ешкімге тиімді емес. Бұл жағдайда логистика толық тоқтайды. Әлемдегі мұнай жеткізілімінің 20%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Бірақ әлем елдері қарап отырмайды. Егер бұғаз жабылса, ол ең көбі 1–2 аптаға ғана созылады. Өйткені басқа мемлекеттер Иранға ұзақ уақыт бойы бұғазды жабуға мүмкіндік бермейді», – дейді ол.

Сондықтан мұнай бағасы 120–150 долларға дейін шарықтайды деген болжамдардың жүзеге асуы екіталай деп түйіндеді экономист.