Иранда волейболдан 17 жасқа дейінгі бозбалалар арасында Азия чемпионаты өтеді

Оған Австралия, Жапония, Иран, Кувейт, Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Тайланд, Тайпей, Түркіменстан, Шри-Ланка және Үндістан құрамалары қатысуда. Онда топтық сында «В» тобында өнер көрсететін Григорий Неклюдов жаттықтыратын қазақстандық ел құрамасы бірінші кездесуін ертең тайландтықтармен, ал екінші кездесуін арғы күні қытайлық құрдастарымен өткізеді.

Бас бапкер бұл дүбірлі додада алматылық Олжас Шонаев, Әлібек Көпбергенов, Владислав Апазиди, Никита Чернецов, Михаил Бобков, Амруллам Турдимаметов, Рустам Гилязутдинов пен Александр Жуковқа, астаналық Әділхан Ербосынға, қызылжарлық Александр Целыхқа, өскемендік Иван Веригинге және шымкенттік Бибархан Шараповқа сенім артып отыр. Онда өз тобында 1-2 орын алғандар 27-28 күндері, 1/8 финалдық ойында 1-8 орынға, 3 орын алғандар 9-13 орынға таласады. Одан кейін 30-ы ширек, 31-і жартылай, ал 1-қарашада ақтық сайыстар болады.

Қазақстандық волейболшылар бұл Азия чемпионатына биыл 3-рет қатысып отыр. Олар 2008 жылы тоғызыншы, 2010 жылы оныншы орын алған болатын. Жалпы құрлықтық бәсекеде Иран құрамасы 5 рет (2001, 2005, 2007, 2008, 2010) жеңіске жетсе, Тайпей (1997), Оңтүстік Корея (1999) мен Үндістан (2003) құрамалары бұл мәртебеге бір рет қол жеткізді.