Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қорғаныс вице-министрін сотқа кісенмен жеткізді. Білдей генералдан әп-сәтте күдіктіге айналып шыға келген Бағдат Майкеевке әлдебір кәсіпкерге мемлекеттік тендерді ұтып беру үшін 252 млн теңге мен 147 мың доллар пара алды деген айып тағылып отыр. Алайда, күдікті кінәсін мойындаудан бірден бас тартты.
Бағдат Майкеев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Бұл провакация. Оның бергенін көргенім де, ұстағаным да жоқ. Өтірік әңгіме.
-Сізді қай жерде ұстады сонда?
- Жолда ұстады мені. Бір әріптесім телефон соғып шақырды. Бардым. Мен теріс айналып тұрғанда, менің машинама бір сөмке салған. Ол сөмкеде не бар екенін білмеймін. Көргем де жоқ, ашқам да жоқ.
- Кім салды сонда машинаға?
- Сол арнайы қызметте істейтін жігіт.
- Сіздің жеке көлігіңізге салды ма, ақшаны?
-Иа, жеке көлікке.
Мұндай мәлімдеме прокурорды селт еткізген жоқ. Мемлекеттік айыптаушы соттан күдіктіні қамауға алуға санкция беруді өтінді. Қорғаныс вице-министрінің қос адвокаты қарсылық танытқанымен, судья олардың өтінішін ескерусіз қалдырды.
Дәулет Молдабаев, Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы:
-Майкеев, қылмыстық кодекстің 311-ші бабы, бесінші тармағы бойынша яғни аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпталып отыр. Бұл өте ауыр қылмыстың санатына жатады. Одан қалды, прокурордың айтуынша, сезікті бостандыққа жіберілсе, тергеуге кедергі келтіріп, із жасыруы мүмкін. Осыны ескере келе, күдіктіні қамауға алу туралы өтініш толықтай қанағаттандырылсын.
Санкция әзірше он күнге беріліп отыр. Кейін ұзартылуы да мүмкін. Екі ай бұрын ғана екінші дәрежелі мемлекеттік «Даңқ» орденімен марапатталған Бағдат Майкеев әскери соттан тура изоляторға әкетілді.
-Бұл ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрығына ілініп отырған Қорғаныс министрлігіндегі алғашқы генерал емес. Бұған дейін «Укрспецэкспорт» компаниясынан 200 мың доллар пара алған Алмас Әсенов 11, ал қазынаның 137 млн теңгесін жеген Асқар Бөлдешов 8 жарым жылға абақтыға жабылған болатын. Ал Бағдат Майкеевтің кінәсі дәлелденсе кемі 15 жылға сотталуы мүмкін.