Исекешев жаңа оқу жылында ұстаздардың жалақысы өсетінін айтты

Жаңа оқу жылында Астана қаласындағы мұғалімдердің орташа жалақысы 150 мың теңгеден асады. Осы уақытқа дейін ұстаздардың орташа жалақысы 100-110 мың теңге болған еді. Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешев "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал: білім беруге арналған шешімдер" атты педагогикалық қызметкерлердің дәстүрлі тамыз кеңесінде айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл білім саласында мектепке дейінгі мекемелер қаржыландырудың жаңа әдістемесіне көшіп жатыр. Мемлекеттік тапсырыстың ең кіші сомасы 23 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін өсірілді. Бұл білімнің сапасы мен өзара бәсекелістікті арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ, көмекші тәрбиешілердің жалақысына 20 мың теңгеден қосылуы мүмкін. 

Анализ нәтижесінде әр мектептің қаржысын үнемдеу арқылы ұстаздар жалақысын 20 процентке дейін өсіруге болатынына көз жеткіздік. Қазір кей мектепте орташа айлық жалақы 100-110 мың теңгені құраса, жаңа оқу жылынан бастап бұл көрсеткіш 150 мың теңгеден асады. Яғни мұны мектепке кететін ақшаны үнемдеу арқылы жүзеге асырамыз", — дейді Әсет Исекешев. 

Әрі қарай әкім Астана қаласында көп ұзамай ұстаздарға деген сұраныстың артатынын айтып өтті. Мұны ол қалада бірінші сыныпқа баратын балалар санының күрт өсуімен байланыстырды.

"20 жыл ішінде Астанадағы мұғалімдер саны 5 есе, яғни 3 мыңнан 15 мыңға дейін артып отыр. Алдағы бес жылда жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылуын ескере отырып мамандардың қажеттілігі 5 мың адамды құрайтын болады. Соңғы екі жылда 9 мың мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өтті. Олардың 5 мыңнан астамы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 787 адам ағылшын тілі курстарын бітірді. 211 мекеме басшысы тиімді менеджмент курстарынан өтті. Жаңа оқу жылында 10 мыңнан астам мұғалімді курстармен қамту жоспарланып отыр. Биыл алғаш рет елордамыздың дамуына аса қажетті мамандықтар бойынша республиканың 13 жоғары оқу орындарында әкімдік тарапынан 1000 грант бөлінді. Жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша, сұранысы көп мамандықтар анықталды, соның ішінде: білім беру, медицина, туризм, дизайн, кәсіпкерлік, ірі деректерді талдау, құрылыс саласы, көліктік салалары бар", — дейді ол. 


Сондай-ақ, Исекешев қаладағы 24 колледжде өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша тағы 1050 орын бөлінгеніне тоқталды. Колледждер базасында "Лифт шаруашылығы", " Қоғамдық көлік жүргізушілерін оқыту", "Ақпараттық технологиялар" және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін азаматтар үшін кешкі курстар ашылып отыр.