Ақын 16 жасында мезгілсіз дүние салған ұлының гитарасын тартып, естелігімен бөліскен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Әлихан батырдың гитарасы ғой. Өзінің түзеп кеткен құлақкүйімен тұр. "Ішектері жетімсіреп ызыңдамасын" деп анда-санда бір қолға алып қоямын. Басымда балапанымның осы гитарасын тартқанда киіп отыратын тақиясы. Олимпиадаға дайындықтан шаршағанда осы диванға отыра қалып біраз мелодиялардың басын қайыратын.
Роза Әлқожа қарындасым студент кезінде шығарған осы әнін алғаш Студенттер сарайында маған әкеліп тыңдатып еді. "Сөзін жазып көресіз бе?" деп қолқа да салған. Гүлнәр Салықбай апайдың өлеңіне дәл келіп тұрған соң сол күйінде қалдырғаның дұрыс деп едік. Бүгін сол ән есіме түсіп кетіп тыңқылдатып отырғаным ғой. Үнемі тартып жүрмеген соң қол да қатып қалады екен. Артық-кемі болса кешіріммен қарарсыздар", - деп жазды ол.
Ақынның оқырмандары оның сабырлығына деген таңданыстарын жасырмады.
"Мықты жансыз, іштегі алай-дүлейді білдірмей отырсыз", "Бұл гитараны тасатмаңыз, тартқан сайын, балаңызбен тілдескендей боласыз", "Алла сізге сабыр берсін", "Мықтысыз. Ақылмен, сабырмен, иман күшімен Алланың берген сынағын жеңіп келесіз", "Міне, үнемі қайғырмай, алдыға қарау керек", - деп жазды олар.