«Іші қора»: Дариға Бадықова «Scat» әуекомпаниясының сервистік қызметіне шағымын айтты

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы хабарлайды. 

"Өзіңе де обал жоқ қой, әй, Дариға! Дәл қазір көңіл-күйім болмай, өкпем қара қазандай болып отыр, ағайын...

Біз, актерлар, телевизордан жарқырап көрінгенге сіздер біздің жағдайымыз керемет, балқып-шалқып жүр деп ойлайсыздар ғой, иә?! Шындығына келгенде, олай емес қой... Актерлар көп нәрсеге көз жұма қараймыз, көп дүниеге үндемей келісе саламыз ғой негізі. Сосын опық жейтін де өзіміз.

Мысалы, бүгін әу баста келіскенбіз Эйр Астанаға деп. Съемкадан соң, қайту билетім Эйр Астана емес, Скат болып шықты. Қадалған жерден қан алып, Эйр Астанаға ауыстыр деп қақиып отырып алуыма да болар еді. Бірақ әңгімені көбейтпейінші деп көне салдым.

@scat.airlines ұшақтарыңызға отыруға адам қорқады ғой? Қора ғой, іші, қора! Қораның ішінде тамақта іше алмайсың! Тұнып тұрған антисанитария! Іші деген суық. Сізге өтірік, маған шын: үш сағат уақыт үш күндей әсер етті. Уақыт өтпей қойды ғой, өтпей қойды.

Білмеймін, қысқасы, сол мүсәпір хәліме сырттай қарап, билетті дұрыс алмағандарға да, өз-өзіме де, ашуым келді. Адам өз-өзінің қадірін біліп, бағасын біліп, өз дегенін жасатып жүру керек пе деп ойладым. Ақкөңілдікке сала бермей... Тағы айтарым, актерлардың осындай көнбістігін пайдалануды қою керек қой!

Дәл қазір ашудан ба, реніштен бе, әлде шаршағаннан ба ойым шашырап отыр. Бәлкім, ертең ойымды толық түсіндіріп бөлек пост жазармын. Темірді қызған кезінде соқ деген пост болды бұл", деп жазды желідегі парақшасында.