ИШИМ лаңкестік ұйымының сарбазы Аммар Хусейнді күрдтер жасағы Ирак жерінде қолға түсірген. Кейіннен ИШИМ содырларының айуандығы жайлы ақпараттар алу үшін оны тілшілер қауымымен жүздестірген. Небары 21 жастағы жігіт Ирак аумағында 200-ден астам әйелді зорлағанын мойындап отыр. Бұл жайында «Әл-Арабия» арнасы хабарлайды, деп жазады Muslim.kz.
Тұтқынның айтуынша, олардың командирлері (әмірлері) жаулап алынған аймақтарда әйелдер мен қыздарды зорлауға рұқсат берген. Ал, тұтқынның өзі 200-ден астам әйелді зорлағанын ашық мойындап отыр. Бұған қоса ол өз әрекетін «күш-қуаты тасып тұрған жастар онсыз тұра алмайды... бұл табиғи нәрсе» деп ақтамақ болған.
Сондай-ақ, ол өздерін қалай адам өлтіруге баулығандары жайлы да жасырмай айтып берген. «Алғашында қиын болатын. Әмірлер бізді тұтқындарды өлтіртіп жаттықтырды. Біз оларды түрлі әдістермен, оның ішінде басын кесіп өлтіруді үйрендік», – дейді ол.