Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі бұрын өзіне жақын болған адамның кейін алыстап кетуі мүмкін екенін айтты.
"Менің ішімдегі ерке қызды қай жерде қалдырып кеткенімді енді ойланып жүрмін. Ол ойын ірікпейтін, әр қадамы нық, қайсар емес пе еді?!
Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп өз ойы болмайды. Жалпы, өмірде өзіңе ғана сену керек екенін енді ұғындық. Сенім - үлкен қару. Оны берген соң басқа адамға қаруды былай серме дей алмайсың. Ол қалай қолданса да, жараласа да өз еркі. Тек, арына тапсырасың.
Жақының жатқа айналады дегенге бұрын сенбейтінмін. Дұшпаның досың болады десе де ертегі болып көрінетін. Сөйтсек, құдай шешсе құл көнеді екен", - деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы ниет пен пейілге байланысты өзгеретінін айтып, ешкім ешкімді толық тани алмайтынын жеткізді.
"Ниетіне қарай алыстап, пейіліне қарай қашықтайтын пенде атаулы бір біріне сәлем беріп, кетерде разылық айтатыны да сол екен. Өйткені ертең не боларын білмейсің. “Мені өзімнен артық біледі” дегеннің бәрі өтірік. Ешкім ешкімді білмейді. Тек мақсатына қарай ой салады, бағыттайды. Немесе пайдаланады. Ол кім болса да арада әділетсіздік орнағанда әркім өзін алып қашады. Жаныңда жүріп сені жамандыққа итермелеген жаннан гөрі, алыстағы тілеулес артық. Қасыңда жүріп қамқор болмай, қамытыңның ауырлығына күліп отырған кісі баласынан қайыр күтпе", - деп жазды өнер иесі.