Тағы бір Бишімбаев. Күйеуінен үнемі зәбір көріп келген Карина Мамаш балаларымен Қазақстанға оралды. Ол қазір өзін жақсы әрі қауіпсіз сезінетінін жеткізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Қазақстан халық партиясы" ютуб арнасында Карина Мамашпен болған жаңа сұқбат шықты. Бұрынғы дипломаттың жары алғаш рет ұлы жайлы сөз қозғады.
"Жүктілігім үлкен күйзелісте өтті. Ол маған эмоционалды тұрғыда қысым жасады. Ұлыма аяғым ауыр кезде күйеуім ішіп келіп, ішімнен ұрды. Мен әдейі жасаған жоқ, байқаусызда болды деп қабылдадым. Алайда, сол бір соққының салдарынан ұлым зардап шекті. Жүктілік кезінде дәрігерлер баланың жақсы дамып келе жатқанын айтқан. Бір жасқа дейін де солай айтып сендірді. Екі жасқа таяғанда жүре бастады, бірақ ақсаңдап басатын болды. Ол кезде біз Брюссельде тұрдық. Бармаған жеріміз қалмады. Ешкім нақты диагноз қоймады. Бұл неврологиялық ауытқу. Бізге Оңтүстік Кореяға барыңдар деді. Себебі ұлыма үш операция жасау керек екен. Сол кезде күйеуімнен жалынып сұрадым. Былтыр да, оның алдыңғы жылы да барайық, ақша жинайық деп өтіндім. Мүмкіндігіміз жетеді. Сен туыстарыңа ақша шашуды доғарып, баланың емімен айналысайық дедім. Алайда ол әр түрлі сылтау тауып, бармаудың амалын қарастырды. Ал жаз сайын бітпейтін қазақтың тойына баруға да, оларға қаржылай көмектесуге дайын тұрады.
Мен бұрын спортпен айналысқанмын. Бұлшық еттердің қалай орналасқанын жақсы білемін. Балаларға кәсіби массаж жасауды оқып үйренгенмін. Сондықтан балама әрдайым өзім массаж жасаймын. Ұлымның аяғын уқалаған оң нәтиже бермейді. Оның туыстары араласып, емшілерге де апарған.
Ол мені қолдаудың орнына, маған кінә артты. Ұлымның сөйлемейтініне намыстанып, мүгедек еттің деп кінәлады. Ұлынан ұялатын еді. Менің ұлым өте ақылды. Үш жасында балалар ойыншықпен ойнайды ғой. Ал менің ұлым қиын сөздерді ағылшын тілінде жаза алатын. Барлық түстерді, сандарды білетін. Сөйлемдер құрастырып жаза алатын. Тек сөйлей алмайтын еді. Әлемді музыка мен дыбыстар арқылы қабылайтын. Қазір ұлым ағылшын тілін жетік біледі, одан бөлек француз және араб тілдерін де меңгерген.
Емделуге 30 мың доллар қажет. Ол былтырғы есеп бойынша. Биыл қанша екенін тағы да сұрастырып білу керек", - деді Карина Мамаш.
Айта кетейік, Сәкен Мамаш ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы "Азаптау" бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дипломаттың әйелі Карина Мамаш 5 мамырда Сәкен Мамаш үйіне қонаққа келген әпкесі мен оны ұрып-соққанын айтқан еді. Осыдан кейін сыртқы істерминистрлігі Біріккен араб әмірліктері дипломатын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен Қазақстанға шақырып алды.