"Ішіңде жын бар": Кішкентай қызды әбден қинаған молда емес күзетші болып шықты

Қазақстанда тағы бір шулы оқиға орын алды. Әлеуметтік желіде тараған видео халық арасында пікірталас тудырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әлеуметтік желіде тараған видеода емші Кейқуат Оспанов 9 жасар қызды қинап, тамағынан қысып, ішінен жын шығару әрекетін жасап жатқанын көруге болады. Кішкентай қыз байланған қолдарымен еденде шырқырап жылап жатыр. Ал екі ересек оны қинап ұстап отыр. Өзін молда деп таныстырған ер адам "жынға" сұрақтар қойып жатқан сәтінде, ол қыз арқылы жауап берген-мыс.

Жынмен сөйлесу қазақ тілінде орын алған.

-Жасың нешеде, Ляззат?

-19

-Сен мыңжылдықсыңба?

-Иә, мыңжылдықпын.

-Сендер нешесіңдер?

-9

-Сендерді сиқырмен кіргізді ме?

-Жоқ, өзіміз кірдік.

Емшінің сөзінше, кішкентай қыздың соңғы уақыттағы мінез-құлқы өзгерген. Бұл ата-анасының күдігін тудырған.

"Кішкентай қыз сияқты ойыншықтармен ойнауын қойған. Мінез-құлқы мен іс-әрекеті өзгерсе де, оны айтқысы келмеген. Үйін ересек адам сияқты тиянақты жинап қоятын, артынан жүріп бақылаудың қажеті болмаған. Осылайша ата-анасы білген. Баланың ерте есеюі әр ата-ананы қорқытады", - деді ол.

Аталған жағдайға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді. Ол жергілікті уәкілмен байланысып, мәселені қарауға алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ уәкіл кішкентай қыздың ішінен жын шығармақшы болған емшінің ісімен ІІМ айналысатынын айтты.

Атырау облысы орталық мешітінің баспасөз қызметі Кейқуат Оспановтың мешітте молда емес, күзетші болып жұмыс істегенін мәлімдеді.

"Ол 2009 жылы екі ай күзетші болып "Иманғали" орталық мешітінде қызмет атқарған", - деп жауап берді мешіттен.

Сондай-ақ аталмыш молда осы уақытқа дейін "руқия" жын шығарумен айналысып келген. Қазақстан бойынша әлеуметтік желіде жарнамасын жасап, адамдарды қабылдауға жазып отырған. Жазбаның мәтіні:

"Құрметті Алматы қаласының тұрғындары. Оспанов Кейқуат ұстаздың кезекті қабылдауы жүреді. Тізімге жазылып қоямыз. Қабылдау уақыты 27 желтоқсаннан 29 желтоқсанға дейін қабылдайды", - делінген жарнамада.