«Ішіндегі сұйықтық төгіліп, теріге жабысып қалған: Балаларға арналған арзан антистресс-ойыншықтары қаншалықты қауіпті?

Мұндай арзан және танымал ойыншықтар қаншалықты қауіпті? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

Алматы тұрғыны Әсел Пак жеті жасар қызының басынан өткен оқиғасымен бөлісті. Оның қолындағы сквиш-антистресс ойыншығы жарылып кеткен. Салдарынан ішіндегі сұйықтық сыртқа төгіліп, баланың терісіне тиген де, химиялық күйікке себеп болған. Бұл жаңалық әлемжеліде кеңінен тарап кетіп, ата-аналардың наразылығын күшейтті.

«31 арнаға» берген сұхбатында қыздың анасы сатып алған ойыншықтың чегін, барлық медициналық анықтамаларды сақтап қойғанын жеткізді. Енді өнімге мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жүргізуді талап етпек.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті антистресс ойыншықтарына арналған жеке қауіпсіздік талаптары жоқ екенін хабарлады. Мұндай өнімдерге барлық ойыншықтарға ортақ қолданыстағы қауіпсіздік талаптары қолданылады.

Ведомство сарапшысы Розалина Ермекпаеваның айтуынша, елге әкелінетін әрі сатылатын барлық ойыншықтың сәйкестік сертификаты болуы міндетті.

«Сквиш ойыншығының да сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Ата-ана ойыншық сатып алмас бұрын сатушыдан осы сертификатты талап етуге толық құқылы», – деді Розалина Ермекпаева.

Оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын британдық Daily Mail басылымы қазіргі кезде кең таралған «антистресс-тұшпара» сквиштерінің құрамында адам денсаулығына ықтимал қауіпті химиялық қосылыстар болуы мүмкін екенін жазған болатын.

Басылымның мәліметінше, канадалық Джордан Коллинет балалары үйге ерекше өткір химиялық иісі бар «антистресс-тұшпаралардың» жалған нұсқаларын әкелгеннен кейін оларды тексеруді ұйғарған. Түпнұсқа өнімдерді RMS компаниясы шығарады, алайда олардың танымалдығы күрт артқаннан кейін нарық шығу тегі белгісіз көптеген көшірмелерге толып кеткен.

Ер адам жаңа алынған екі жалған ойыншықты ауа сапасын өлшейтін құрылғымен бірге герметикалық пакетке орналастырған. Құрылғы ұшпа органикалық қосылыстардың (VOC), формальдегидтің, PM2.5 ұсақ бөлшектерінің, көміртек тотығы мен көмірқышқыл газының, сондай-ақ ауа сапасының басқа да көрсеткіштерін өлшейді.

Сынақтың алғашқы минуттарында көрсеткіштер құрылғы тіркей алатын ең жоғарғы деңгейге – 9,999 мәніне дейін көтерілген. Бұл ауада ұшпа заттардың өте жоғары концентрациясы болғанын көрсетеді. Дегенмен құрылғы олардың нақты құрамын немесе уыттылық деңгейін анықтай алмайды.

Мамандардың айтуынша, ұшпа органикалық қосылыстар мен формальдегид көзді, мұрынды және тамақты тітіркендіруі мүмкін. Ал ұзақ уақыт әсер еткен жағдайда бас ауруын туғызып, тыныс алу жүйесіне зиян келтіру қаупін арттырады. PM2.5 ұсақ бөлшектері өкпеге және қан айналымына терең еніп, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесі ауруларының қаупін жоғарылатады.

Еске салайық, 2019 жылы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары елімізге әкелінетін ойыншықтардың 60 пайызы балалардың денсаулығына қауіпті екенін хабарлаған болатын. Тексеру нәтижесінде айналымнан жалпы салмағы 332 келі болатын ойыншық көліктер, қуыршақтар мен конструкторлар тәркіленген.

«Барлығы 1156 ойыншық үлгісі зерттелді. Улы заттар анықталған балалар тауарларының 73 пайызы Қытайдан, ал 26 пайызы Түркиядан әкелінген», – деген еді сол кезде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті басқармасының басшысы Дана Қасқатаева.

Айта кетейік, бұған дейін Ayel Telegram-арнасы да балалар үшін қауіпсіз ойыншықтардың маңызы туралы жазған болатын. Арна тілшілері Астанадағы №2 балалар ауруханасының шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Серік Баймұлдинмен сұхбаттасқан. Дәрігер ең қауіпті ойыншықтардың бірі магниттер екенін айтып, сондай-ақ ата-аналарға баланың ойыншықтағы батареяны оңай шығара алатынына ерекше назар аударуға кеңес берген.

Әсіресе тиынға ұқсайтын түйме батареялар өте қауіпті. Құрамындағы химиялық заттардың әсерінен олар аз уақыт ішінде ішкі ағзаларды күйдіріп жіберуі мүмкін. Сонымен қатар кішкентай балаларға арналған ойыншықтардың құрамында сәби аузына немесе мұрнына салып қоюы мүмкін ұсақ бөлшектер болмауы тиіс.

Осы ретте Сaravan.kz медиа порталы маркетплейстерді саралап шықты. Қытайдың танымал онлайн дүкенінде антистресс ойыншықтарының түр-түрі сатылып жатыр. Олардың бағасы да өте арзан - 500 теңгеден басталады. Аталмыш маркетплейстерге еш шектеу де, бақылау да жоқ. Балалар оңай тапсырыс бере алады. Ол үшін төлем картасын тіркесеңіз болды.