Ішкі ағзаны беру туралы келісім онлайн жүзеге асырылып жатыр

Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап

Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау кодексінің талаптарына сәйкес әр адам қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын беруге немесе одан бас тартуға өтініш беруі тиіс.

Бұған дейін бұл процесс қағаз жүзінде болып келген. Соны электронды жүйеге енгіздік. Кодекс қабылданған күннен бастап қағаз жүзінде 300 адам ғана өз ағзаларын беруден бас тартса, 6 адам келісім беріпті. Бізге Денсаулық сақтау министрлігі осындай деректерді ұсынды. Күні кеше ғана осы қызметтің электронды нұсқасы іске қосылды. Электронды үкімет порталында арнайы бөлім бар. Соған кіріп, өтініш беруге болады. Бірнеше күннің ішінде электронды өтініш берген адамдардың саны қағазбен жазғандармен салыстырғанда екі есеге өсті, - дейді Бағдат Мусин.


Оның айтуынша, кодекс күшіне енген бірнеше күннің ішінде 500-ге жуық өтініш түскен. 60 адам өз келісімін берсе, 400 адам ағзасын беруден бас тартыпты.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, қайтыс болу туралы куәлікті алу процесі автоматтандырылған. Әзірге жүйелер пилоттық режимде Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыс істейді, бірақ бір ай ішінде ол басқа аймақтарға жеткізіледі.