Ішкі істер басқармасында жауапқа алынып жатқан адам 3-қабаттан секіріп кетті

Кереуетке таңылған жігіт күні кеше ғана түрлі жұмысқа жалданып нәпақа тауып жүрген. Қораптарды тасу тапсырысымен қаладағы кеңселердің біріне келгенде тапсырыс берушісі бой тасалап, бұл полиция қолына түсіпті. Айтуынша әлгі тапсырыс беруші кеңселерді алдап, дүниелерін әкетіп жүрген алаяқ болып шыққан. Полиция сыбайласыңды тап деп соқыға жыққасын шыдай алмадым дейді өзі.  


Роман Премиров Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Дәлізге шығарғанда терезені ашып секірдім де кеттім. 5 минут өткесін олар жетіп, хал сұрамақ түгілі қансырыған күйі қайта сүйреп кіргізіп алды. Жағдайымның нашаралап бара жатқанын көріп қорықты ма, 5 сағат өткенде ғана жедел жәрдем шақырды.