Қасымов қарамағындағыларды қорғауға мықтап кірісіпті, деп хабарлайды КТК телеарнасының тілшісі. Егер Ішкі істер министрлігі әзірлеген заң жобасы күшіне енсе, тәртіп сақшыларына саусақтың ұшын да тигізуге тыйым салынады. Яғни полицейдің айтқанын істеп, айдауына көну керек.
"Бұрын қызметкерлерімізге бағынбағандарға 4 жарым миллион көлемінде айыппұл салынатын. Оны енді еселеп көбейттік. Яғни сақшының өміріне қауіп төндіргендерге қазіргі айыппұл 11 миллион теңгеден асуы тиіс" дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Мұны естіген депутаттар шалқасынан түсті. Айыппұл көлемі көтерілген сайын жемқорлық та өршиді дейді олар. Себебі, миллиондарды төлегеннен полицейге пара берген анағұрлым арзанырақ.
"Еркек өз әйелін ұрса, оған айыппұл 40 мың теңге болады. Ал полицеймен жұлысса 11 миллион. Бұл не? Немене әйел бір полицейден мың есе арзан ба? Мен оған келісе алмаймын. Мен өз әйелімді полициядан гөрі мың есе жақсы көремін" дейді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Оның үстіне бұл талап президенттің кезекті жолдаудағы тапсырмасына да қайшы келіп отыр.
"Айыппұлды көбейтсек, қылмыс саны азаяды деп айта алмаймыз. Президент жеңіл және орта деңгейдегі қылмыстар үшін жазаны жеңілдетіңдер деді. Біз керісінше жасап отырмыз. 11 миллион теңге айыппұл деген ақылға сыймайды" деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин
Ал полицейге бағынбай жағасына жармасқан адам қыруар айыппұлды төлей алмаса абақтыға жабылады. Сөйтіп, сот үкімімен қылмыскер деп танылған тұрғынның түрмеде өткізген әр күні 9 мыңнан астам теңге болып есептеледі. Бірақ Бас прокуратурадағылар мұндай қатаң жаза заң бұзған азаматтың барлығына бірдей қолданылмайды деп сендірді.
"Мұндай қомақты айыппұл төтенше жағдай болғанда, терроризмге қарсы күрес кезінде полицейлердің жұмысына кедергі келтірген адамдарға ғана салынуы тиіс. Жаппай жұртқа қолданылмайды" ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель.
Сондай-ақ, кейбір қылмыстарға жаза керісінше жеңілдейді. Мәселен, заң бұзған кәсіпкерлерге салынатын айыппұл 30 пайызға төмендейді екен. Және қазына қаржысын жымқырған, пара алған шенеуніктер енді шетінен сотталмайды. Жемқорлықпен істі болған атқамінерлерге айыбын еселеп айыппұл төлеу арқылы өтеуге мүмкіндік берілмек. Ал тәртіп сақшыларына бағынбағаны үшін ұсталғандардың тағдыры депутаттардың қолында. Заң жобасындағы тура сол бапты алып тастауға олар құқылы.
Caravan.kz медиа-порталының тілшілері 11 миллион теңге айыппұл төңірегіндегі мәселенің Мәжілісте ғана емес, әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатқанын байқады. Мысалы, Фейсбуктің ең белсенді қолданушыларының бірі - Айгүл Орынбек былай депті:
"Полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін 11 миллион теңге айыппұл деген ұсынысты кім айтқан?
Сол заңды ұсынған көсемге менің де ұсынысым бар:
Заңды бұзып, қызметін асыра пайдаланған полиция қызметкерлері халыққа қоқаң-лоқы көрсетсе, 100 миллион төлесін онда!
Халықты қанауды ғана біледі. Құқық қорғау органдарының іші толған заңсыздық! Ішіндегі боқтарын тазалап алмай, өздері заң ұсынғыш, жүдә!
Халықты жеуді ғана ойламай, халықтың қауіпсіздігін қашан ойлайсыңдар?"
Айгүл Орынбектің бұл жазбасына пікір жазғандардың бәрі дерлік оны қолдап жатыр.