Ішкі істер вице-министрі мен Қазақстандағы ҚХР елшісі трансшекаралық қылмыспен күрестегі ынтымақтастықтың келешегі жайында талқылады

"Біз өзіміздің шетелдік әріптестерімізбен, әсіресе, бізбен шекараласатын елдермен, ҚХР, Ресеймен және Орталық Азия аймағы елдерімен халықаралық байланыстарымызды нығайтқымыз келеді. Осыған сәйкес осындай байланыстардың тиімділігін арттыру мәселесін көтеріп отырмыз", - деді А. Шпекбаев журналистерге берген сұхбатында.

"Бүгін біз елші мырзамен бірлесіп қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күрес саласындағы озық әрі оңды тәжірибелерді тарату, біздің қызметкерлерді қылмыстың жаңа түрлерін тексеру мен ашуға оқыту және осындай оқыту жұмыстарын Қазақстанда да, Қытайда да ұйымдастыру жайын талқыладық", - деді вице-министр.

"Мен біздің елдер үшін қазір дәстүрлі және заманауи қатерлердің ортақ екендігі жөніндегі вице-министрдің пікіріне қосыламын", - деді өз кезегінде Чжан Сиюнь. ҚХР елшісінің пікірінше, Қазақстан мен Қытай тәртіп сақшыларының бірлескен іс-қызметіне "ең жоғары баға беруге лайық".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті