Атап айтсақ, Қарағанды облысындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі биылғы жылдың наурыз айында мақұлданған жобаны қаржыландыру туралы келісімге ҚР индустрия және сауда министрі Әділбек Жақсыбеков пен Ислам Даму банкінің президенті Ахмед Мұхаммед Али қол қойды. Аталмыш жоба аясында облыстағы 94 елді мекенді сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 2004-жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтын жобаның жалпы құны 11,3 млн. долларды құраса, оның 9,451 млн. долларын Ислам Даму банкі, қалған 1,863 млн. долларын Қазақстан Республикасының үкіметі бөледі. Ислам Даму банкі бұл несиені 7 жылдық жеңілдетілген тәртіппен 25 жылға бергелі отыр. Несиеге қызмет ету құны жылына 2,5 процентті құрайды.
Екінші келісім - еліміздегі пошталық жинақ байланысы саласын жаңалап жабдықтау туралы 2003-жылдың маусым айында мақұлданған жобаны қаржыландыру жөнінде. Бұл келісімге "Қазпошта" ААҚ басқармаларының төрағасы Еркін Арыстанов пен банк президенті қол қойды. Бұл жоба "Қазпошта" компаниясымен бірлесу негізінде биылдан бастап жүзеге асырыла бастайды. Жалпы құны 13,450 млн. долларды құрайтын бұл жобаның Ислам даму банкі бөлетін 9 млн. доллары құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Бұл несие 3 жылдық жеңілдетілген мерзіммен 12 жылға берілгелі отыр. Несиегег қызмет ету құны жылына 6 процентке тең. Жобаның басты мақсаты - жаңа технологиялар мен тиімді басқару жүйесін іске қосу арқылы пошта қызметінің бәсекелестігін арттырып, коммерциялық деңгейін арттыру болмақ. Жоба бойынша пошталық және банк жабдығымен, бағдарламалармен, сондай-ақ, пошталық машиналармен қамтамасыз етіп, компания қызметкерлерін оқыту көзделіп отыр.
Ал үшінші келісім бойынша Ислам Даму банкі 3 жылдық жеңілдетілген мерзіммен 12 жылға берілетін 13,615 млн. долларлық несиеге Астанада Есілдің сол жақ жағалауындағы арнаулы экономикалық аймақта Қазақ Гуманитарлық заң университетінің ғылыми-оқыту кешенін салу көзделіп отыр. Жалпы құны 20 млн. долларды құрайтын бұл жобаның 6,385 млн. долларын Елбасының бастамасымен құрылған "Сары Арқа" қоры қаржыландырады. Ислам Даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінде атап көрсеткеніндей, бұл банк қаржыландырып отырған еліміздегі жеке меншік сектордағы ең ірі жоба. Ал жоба бойынша кепілдемені "ТұранӘлемБанкі", "Халықтық банкі" және "Каспий" банкі тәрізді еліміздегі ең ірі коммерциялық банктер беріп отыр.
Аталмыш үш жоба да 2006-жылдың желтоқсан айының соңына ала жүзеге асырылады деп күтілуде.
Ислам Даму банкін құру туралы шешім 1973-жылы Сауд Арабиясының Джидда қаласында Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер министрлерінің кездесуінді қабылданды.
Ислам Даму банкіне қазіргі таңда 54 ел мүше. Бұрынғы КСРО республикаларының арасынан аталмыш банкке Әзербайжан (1992-жылдан бері) , Қырғызстан (1993-жылдан бері) , Түрікменстан (1994-жылдан бері) және Қазақстан (1995-жылдан бері) мүше болып табылады. Өзбекстан банкке мүше 55-ші ел санатына қосылды. 2003-жылдың 1-тамызындағы жағдаймен Ислам даму банкі Қазақстан экономикасына 21 операцияны қамтитын 91,645 млн. доллар қаржы құйды.