Исламтанушы: Бастауыш сынып оқушыларына “намазды қалай оқу керек”, “дәреттің шарты” деген мүлдем айтылмауы керек

Исламтанушы Роман Бұрқаш Caravan.kz медиа порталының тілшісіне аталған сауалдар бойынша жауап беріп, қазіргі таңдағы еліміздегі діни ахуал  туралы сөз қозғады. 

- Қазіргі таңда Қазақстандағы діни ахуал туралы не айта аласыз?

- Қазіргі таңда Қазақстандағы мұсылмандардың діни ахуалы 10 жыл бұрынғы кезбен салыстыратын болсақ, әлдеқайда бір ретке келген, жөнге келген. Оған себеп болған Алматыдағы Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің мемлекеттен тікелей гранттар алып, мемлекеттің қарамағында студенттерді қарауы, жалпы айтқанда осы университеттің үлесі бар. Дінді мемлекет дұрыстап қолға алмаса жағдайдың әрі қарай қиындай беретінін түсінгендіктен әрбір облыста дін істері агенттіктері бар, деструктивті ағымдармен күрес, Нұр-Мүбәрак тағы да басқа шетелден оқып келген студенттердің тек қана мешіттерге, медреселерге мұғалім болуымен қатар, облыс, қала аумағында ішкі саясатқа осындай мамандардың көптеп тартылуы діни ахуалының тұрақтануына үлесін қосты. Мысалы, Ақтөбеде “Аңсар” орталығы бар, Атырауда “Шапағат” орталығы бар. Дәл осындай орталықтар барлық облыстардың ішкі саясат бөлімдерінде бар. Ол жерде мамандырырлған теологтар, исламтанушылар жұмыс жасайды. Қазақстандағы мұсылмандардың діни ахуалы біршама ретке келіп қалды десек болады. Халық қазір ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жақсы біледі. 10 жыл бұрын шетелден оқып келген неше түрлі көзқарастағы радикалды, экстремистік көзқарастағы неше түрлі толық академиялық білімі жоқ, тек қана уағыздың төңірегінде әңгіме жүргізетін насихатшылар әсіресе Сауд Арабиясынан оқып келгендер, ютубта басқа да жерлерде өздерінің уағызын жүргізіп, халықтың әсіресе жастардың арасында түсінбеушіліктер, неше түрлі іріткі салды. Осының бәрін қазір мемлекет және діни басқарма қолға алды, бұны бір ретке қойды десек болады. Қазіргі діни ахуал біршама тұрақтанды. Оның үстіне, қауіпсіздік органдары және басқа да мекемелер үлкен үлесін қосты. Қазір кез келген адам өзінің уағыздарын, өзінің үгіт-насихаттарын шығара алмайды, оның барлығы бақылауда. Бұл жағынан ретке келді. Бірақ, исламтануды оқыған және имам молдалардың алдында үлкен міндет тұр. Бұлар ресми жерлерде жұмыс жасағандықтан ешқандай кедергі жоқ, бірақ, мына нәрсенің алдын алу керек. Молдалар, имамдар үгіт-насихат жасаған кезде, кітап жазған кезде тек қана ислам дінінің сыртқы формасымен ғана шектелу бар. Мысалы, “намазды қалай оқу керек”, - деген сияқты сыртқы формаларға ұрынып қала береді де, содан кейін олардың алдын да мынадай да міндет, жауапкершілік бар. 11 ғасырдан бері мұсылманбыз дейміз. Біздің мыңжылдық ислам жолымен өткерген қазақ халқының мұсылман ретінде өткерген белгілі бір жолы бар. Осы жылдар аралығында Орта Азиядан қаншама ғалым, сопы, әулиелер дүниеден өтті. Біздің Абайымыз бар, Мәшһүр Жүсіпіміз бар, Шәкәрім бар және көптеген тұлғаларымыз бар. Діни насихат жүргізген кезде, осылардың айтқанымен сабақтырмаса, байланыстырмаса, осы тұрғыдан жүрмесек Араб дүниесіне танымал адамдардың, Араб әлемінде танымал ғалымдардың кітаптарын ғана аударумен айналысып, тек солардың ғана әңгімесін айту бұл қазақ халқының мыңжылдық ислам тарихында жүрген жолын жоққа шығару болып есептеледі. Біздің қаншама аңыз дастандарымыз, біздің салт-дәстүріміздің тұнып тұрған жақсылыққа үндейтін, дінмен тікелей сабақтастығы бар нәрселер. Қазіргі дін мамандарының, имам молдалардың алдында үлкен міндет, діннің тек қана сыртқы формасын ғана емес, ішкі мазмұнына ден қою керек. Біздің салт-дәстүр мен қазақ даласынан шыққан тұлғаларды сабақтастыра отырып құндылықтар ұсыну керек. Бұл біздің мойнымыздағы үлкен міндет.

- Қазіргі кезде мектеп қабырғасынан бастап рухани - адамгершілік дүниетанымын қалыптастыру мәселесі маңызды деп жатады. Бұл туралы теолог ретінде не айтасыз? Бұл баланы улау болмай ма?

- Мектеп қабырғасынан бастап рухани дүниетаным қалыптастыру деген бұл негізі бұрыннан бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын “мектепке діни тәрбие беретін сабақ енгізейік пе, жоқ па”, - деген мәселе қозғалды. Мектеп кезінде де, мектеп бітіргеннен кейінде өзге ағымға кетіп жатқанын көрген біздің мамандар осындай ойға келген болатын. Теолгтар сабақ беруге қарсы болып, тарихшылар бермек болған. Ал өз басым мектепте діни сабақ қосуға түбегейлі қарсымын. Біріншіден, біздің мемлекетіміз – зайырлы мемлекет. Оның үстіне, қазір біздің мұсылмандарда мынадай нәрсе бар. Балаға діни тәрбие беру керек деген ойлары бар, бірақ менің жеке көзқарасым бастауыш мектепте оқитын балаларға және үйдегі кішкентай балаларға “Діни тәрбие беру дегеніміз не?”, - соны бірінші анықтап алу керек. Діни тәрбие дегеніміз – адамгершілікке, баланың адамгершілігін қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратын құндылық сабағы ма әлде араб тілінің алфавитін үйрететін, құранның қалай оқылатынын үйрететін, намазды қалай оқуды үйрететін діни тәрбие ме? Меніңше бастауыш сынып балаларына және оған дейінгі балабақшадағы балаларға ешқандай діни ақпарат, діни тәрбие, “құранды қалай оқу керек”, “намазды қалай оқу керек”, “дәреттің шарты”, - деген балаларға берілмеуі керек деп есептеймін. Себебі, діннің негізгі мақсаты – адамдағы жауапкершілік сезімін және адамгершілік сезімін ояту арқылы қоғамда ешкімге қауіп төндірмейтін отанына, еліне ата-анасына құрмет көрсетіп жақсы адам тәрбиелейді. Діннің негізгі функциясы осы. “Намазды қалай оқу керек”, “Дәретті қалай алады”, дегенді үйрету балаға діни тәрбие болып есептелмейді. Діни тәрбие дегеніміз – аңыз-ертегілер неше түрлі қисса дастандары арқылы, ән жырымыз арқылы баланың бойындағы адамгершілік қасиеттерін арттыру. Негізгі діни тәрбие дегеніміз осы.

- Сәләфиттерді өзгелерден қалай ажыратуға болады?

- Сәләфизм дегеніміз – Сауд Арабиясынан кеңінен жайылған белгілі бір радикалды-экстремистік құрған бір ұйымы деп айтсақ болады. Сәләфизм бізге 90 жылдардан бері келді, бірақ 1990 мен 2000 жылдарды бізде діни заңдардың бос болуынан, діннен қауіп келмейді деген түсінік болды. Сондықтан, сырттан келген неше түрлі діни ағымдардың дұрыс, дұрыс емес дегендерін зерттеп, біліп ешкім айналыспады. Бірақ, өкінішке орай 2000 жылдан былай қарай бізде дінді дұрыстап қадағаламасақ, қоғам арасында неше түрлі бөлінушілер, неше түрлі іріткілердің болатынын анық сезгеннен кейін мамандар бұлардың бәрін зерттеп, ақ-қарасын ажыратып, “мынау мынадай”, - деген тұжырымға келді. Содан “сәләфизм” деген көп айтылды. «Сәләфизм» деген атпен келген адамдардың намаз оқымаған адамдардың бәрін кәпірге санап, намаз оқымаған ата-ананың айтқандарын тыңдамай, “оның істеген тамақтарын жемесек те болады”, - деген сияқты неше түрлі көзқарастарды жаю арқылы мұсылмандардың арасында үлкен іріткі пайда болды. Қазақ халқының мемлекеті мен сәләфизмнің жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды. Тоғысқан күні неше түрлі іріткілерге алып келеді. Сәләфизмнің негізгі ерекшеліктері деп бұрын айталатын. Олар өздерінің белгілі бір ұстаздарының кітаптарын оқиды, олар намаз оқымаған адамды кәпір деп есептейді,- деген сияқты көзқарастар. Бірақ, соңғы 10 жылда олардың арасында да әр түрлі топтар пайда болды. Сәләфизмнің өзара іштей бөлінетін тармақтары бар. Сондықтан қазір сәләфилердің сыртқы келбетін ажырату оңай емес. Бұрын мұртын қырып, сақалын өсірген адам, шалбарының балағы қысқа болса, әңгімелерінде намаз оқымайтын адам кәпір, олармен амандаспасақ болады деген сияқты әңгімелерден танып қоятын. Өкіншіке орай, қазір сәләфизмде неше түрлі жасырын топтар пайда болған. Балағы ұзын болса да, сақалы қысқа болса да сәләфизмді насихаттайтын, сәләфизмге үгіттейтін де нешетүрлі топтар бар. Сондықтан, мынадай деп ажырату қиын. Оған енді мемлекет және дін мамандары белгілі бір тосқауыл қоюға тырысады. Бізде Араб елдерінде оқып келгендерді көбінесе жұмысқа алмайды. Себебі, оларда сәләфизм қаупі бар деген себептен. Сонымен қатар, ютуб, телеграм арналарды да дін мамандары жіті қадағалап отырады. Қай жерде қандай нәрсе айтылып жатыр деген сияқты. Сауд арабияда оқып келгендерді мемлекеттік жұмысқа, діни басқарманың жұмысына алмау керек деген сияқты тосқауыл қойып жатыр.


- "Біз діни экстремизмге қарсымыз", - деп ұрандатып жатамыз. Бірақ, осы діни экстремизмге қарсы тұру үшін қандай нақты шаралар қолданған дұрыс?

- Бізде осыдан 5-10 жыл бұрын мәселемен күресу басым болатын. Болып, бояуы сіңіп қойған нәрсемен күрес деген көбірек болатын. Сондықтан бұл Қазақстандағы діни ахуалдың жақсы дамуына кедергі жасайды. Біздің мемлекетіміз 5-10 жыл бұрын денесіндегі ауруды жазумен айналысқан адамға ұқсайтын. Экстремизм әбден кіріп, нешетүрлі террорлар орындалғаннан кейін барып іске көшетін. Ал енді қазір діни экстремизмнің алдын алу деген нәрсемен көбірек айналысу керек. Себебі, экстремизм болып, бояуы сіңіп неше түрлі оқиғалар орын алғаннан кейін салдарын жоюмен айналысу діни тұрақтылықтың дамуына кері әсер етеді, тежейді. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – діни терроризммен күресу емес, діни экстремизмді болдырмаудың іс-әрекеттерін жасау. Діни эктремизммен күресудің неше түрлі бағыттары, жолдары бар, жүзеге асырылып жатыр. Толықтай жоқ қылып жібере алмаса да, белгілі бір деңгейде жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, университеттегі теолог мамандар, олардың оқытып жатқан студенттері. Бұлар да ҚМДБ жасап жатқан үгіт насихаттары, ішкі саясат бөлімінде істейтін теологтардың да істеп жатқан жұмыстары да өте көп. Осыдан 20-25 жыл бұрын кіріп, өздерінің белгілі бір буынын қалыптастырып үлгерген экстремистік топтармен жұмыс істеу ол 5-10 жылда атқарылып бітетін жұмыс емес. 30-40 жыл бойы күрес, тапжылмастан жұмыс жасайтын нәрсе. Егер діни экстремизмнің алдын алу керек болсақ жоғарыда айтқанымдай, қазақы дүние танымға негізделген, біздің ұлттық тәрбиеге негізделген салт-дәстүр, әдет-ғұрып жолына негізделген идеологиямыз болуы керек. Ол үшін діни әдебиттерді осы бағытта көптеп шығару, жастарға, үлкендерге, керек болатын болса балаларға да жасау керек. Әлеуметтік желі арқылы осы қарқынды жұмыстар жасалу керек. Тағы да қайталап айтамын, біздің қазақтың танымына сәйкес ұлттық тәрбиені, құндылықтарымызды негізге ала отырып салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты негізге ала отырып үлкен идеология қалыптасуы керек. “Қазақ даласында ислам қалай дамыды”, Абай, Шәкәрім, Яссауи, Қашқари, Баласағұн, Әл Фараби секілді ұлы тұлғалардың мұсылмандығын насихаттау арқылы жастардың арасында бір буын қалыптастыра білсек, олардың өздігінен экстремизмге қарсы болатын иммунитет пайда болады. Егер осындай жолмен, осындай идеологиямен бір буын қалыптастыра алсақ сырттан келген қандай да бір экстремистік топтарына арбауына түсе қоймайтын бір буын пайда болады. Соған жұмыс істеуіміз керек. Әрине діни кітаптар көптен шығып жатыр, діни видеоматериалдар шығып жатыр. Діннің сыртқы формасын насихаттай бермей, оның ішкі мазмұнын көрсетуіміз керек. Мешіттерде, медреселерде отбасы сұрақтарымен айналысатын, балалардың тәрбиесімен айналысатын арнайы бір бөлімдер болса, сосын мешіттерде тек діни рәсімдерді орындау ғана емес, дұрыс не, бұрыс не анықтайтын жер ретінде насихатталса деймін. Дінтанушы теологтар, исламтанушылар мен молда имамдардың мойындарында үлкен міндет – қазаққа өзінің дүниетанымына сәйкес үлкен діни идеологиялық ортақ болса сонда ғана біз өзге елдерден келген діни экстремизм ағымдарына қарсы болатындай иммунитетіміз болады.

- Сұхбатыңызға рақмет.