Аталмыш федерация президенті Анхель Мария Вильяр Еуропалық футбол одақтары қауымдастығының жетекшілігіне Еуро-2012-нің украиналық бөлігін Пиренеяда өткізуді ұсынды. Бұл туралы шетелдік спорт басылымдары хабарлайды.
Оқиғаның бұлайша өріс алуы Днепропетровскіде болған бірнеше лаңкестік әрекеттердің және Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенконың ісімен байланысты болып отыр. Еуропалық көшбасшылар, нақтырақ айтқанда Германия канцлері Ангела Меркель, Украинада өтетін Еуропа чемпионатына бойкот жарияламақ. Ал 30 сәуірде Украинаның Инфрақұрылым министрі Борис Колесников Ньонда өткен УЭФА-ның бақылаушы кеңесі мәжілісінің қорытындысы бойынша, өз елінің турнирді ұйымдастыруға сақадай-сай отырғандығын мәлімдеді.
Еуропалық футбол одақтары қауымдастығының президенті Мишель Платини Киевтің барлық ұсақ-түйек мәселелерді шешетіндігіне сенім білдірді. Ал УЕФА-ның Еуро-2012-дегі операциялық директоры Мартин Каллен еуропалық футбол біріншілігінің кейінге шегерілу мүмкіндігін түбегейлі жоққа шығарды. «Бұл мүмкін емес, турнирдің өтуіне небәрі 40 күннен аз уақытқалды», - дейді ол.