"Испат-Кармет" 2005-жылдың аяғынан бастап "Ақтау теңіз айлағы" еркін экономикалық аймағы аумағында мұнайгаз құбырларын өндіретін зауыт сала бастамақшы

Ә.Көшеровтың айтуынша, компания қазір құрылыс алаңының топографиялық және геодезиялық суретін түсіріп, жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасап, есептер жасап, құрал-жабдықтарға тапсырыс бере бастады. Жобалау бағытындағы негізгі жұмыстар жүзеге асырылуда. "Біздің ойымызша, бұл жоба 2005-жылдың аяғынан бастап іске жегіледі",- деді Ә.Көшеров.

Жоба бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес спираль жапсарлы құбырлар шығару көзделген. Оларды өндіру барысында қазіргі заманғы лазерлік визуалды бақылау жүйесін пайдалана отырып ультрадыбысты және радиографиялық дәнекерлеу әдістерін қолдану межеленген.
Ә.Көшеровтың айтуынша, бастапқыда "Испат-Кармет" компаниясының мамандары еліміздің мұнайгаз өнеркәсібіне арнап бір көлемді құбыр шығаруды жоспарлаған (диаметрі 530-1420 мм аралығындағы, қабырғасының қалыңдығы 14 мм-ге дейін спираль жапсарлы құбырлардың 60 мың тоннасын өндірмек болған), алайда қазір жоспарды өзгертуге тура келіп отыр.
Ә.Көшеровтың айтуынша, мұнайгаз құбырларын өндіретін зауыт салу жобасы негізгі тұтынушысы мұнай компаниялары болып табылатын спираль жапсарлы құбырларды сату проблемасы шешілмеуге байланысты жүзеге асырылуы қиын жоба болып саналады. Бұл ретте "Ақтау теңіз айлағы" еркін экономикалық аймағының іске қосылғанына шамалы уақыт қана өткенін де ескеру қажет.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жобаға жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 65 млн. долларды құрайды. Құрылыс жұмыстары 3 жылға созылады. Өндірісте 180-240 адам жұмыс істейді деп күтілуде.
Маңғыстау облысы аумағында "Ақтау теңіз айлағы" еркін экономикалық аймағын құру" туралы ҚР Елбасы 2002-жылдың сәуір айында қол қойған жарлық 2003-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енген. Еркін экономикалық аймағын құрудағы мақсат - республиканы әлемдік сауда-саттыққа тездетіп қамту, тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, ел экономикасының бәсекелестік қабілетін арттыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін Ақтау теңіз айлағын жоғары тиімді пайдалануға саяды.
"Ақтау теңіз айлағы" еркін экономикалық аймағы аумағы сауда теңіз портының аумағы мен оған жапсарлас аумақты, дәлірек айтсақ, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шеңберіндегі 227,1 гектарды иемденеді.