Еуропада білім алып жатқан қазақ жастары аз емес. Сол жастардың бірі Нұрғаным Жүсіппен екі елдің білім жүйесіндегі айырмашылық, италиялықтардың шетелдіктерге деген көзқарасы турасында Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Нұрғаным, екі жылдан бері Римде білім алып жатырсыз. Қазақстан мен Италияның білім жүйесіндегі негізгі айырмашылық қандай?
Екі елдің оқу жүйесінде өте үлкен айырмашылық бар. Мысалы, Қазақстанда біз университетте бір біріміздің бағамызды біліп, өзімізді басқа студенттермен салыстыратынбыз. Бізде тіпті қоғамда да салыстыру көп қой. Ал, бұл жақта бәрі еркін, сен бір ақпаратты білмей қалсаң да сені ешкім сынамайды. Әр адамның бағасы жеке поштасына жіберіледі. Бұл жүйе студенттер өздерін өзгемен салыстармас үшін жасалған деп ойлаймын. Сол үшін де біз кім қандай баға алып жатқанын білмейміз. Тағы бір қызығы, бұл жақта куратор деген жоқ. Ешкім ешкімді тәрбиелеп, бақыламайды. Италияда тіпті студент сабаққа келуге де міндетті емес. Сен өзің үшін барып, өзің үшін оқисың. Толық жауапкершілік студенттің мойнында.
- Италиялық оқытушылар Қазақстанды біле ме? Біздің ел туралы қандай пікірде?
Мен алғаш оқуға келгенде бір ұстазым картаны ашып, Қазақстан қайда деп сұраған еді. Жақында теннисші Елена Рыбакина Рим мастерс турнирін жеңген кезде Римдегі профессорлар Қазақстан ұтты деп, біздің елді тани бастады. Мұғалімдерім қазақ қызы ұтты деп бізді құттықтады. Тіпті осы жарыстан кейін оқу орнымдағы профессорлардың көпшілігі «Көшпенділер» фильмін көрген. Қазақстан туралы зерттеген. Мен біздің елді спорт, мәдениет жағынан танып жататынына қатты қуанамын.
- Италияда біздегідей электронды үкімет біздегідей қолжетімді емес деген ақпарат естіп едім. Бұл қаншалықты рас?
Статистикалық мәлімет бойынша біз digital, цифрландыру жағынан Италиядан алдамыз. Италиядағы бюрократия мен қағазбастылықтың деңгейі жоғары. Өз халқына да, сырттан келген адамға да жүйе біздегідей ыңғайлы емес. Біздегі электронды үкімет жергілікті халық үшін де, сырттан келген адам үшін де өте ыңғайлы. Бізде шетел азаматтарына арналған «Е-қонақ» деген ақпараттық жүйе бар, ЖСН алсаңыз Қазақстан азаматтары секілді egov-тың қызметін қолдана бересіз. Бұл жақта ондай жүйе жоқ. Қызметтердің 30% ғана онлайн қамтылған, қалған 70% қағазбастылық. Мысалы, бір ВНЖ-ны алу үшін 4-5 ай күтуге тура келеді. Бұған эмигранттар санының көп болуы да әсер ететін шығар деп ойлаймын.
- Италияға білім алуға барған қазақ қыздарының арасында италиялықтарға тұрмысқа шығып жатқандары бар ма?
Иә, бар. Менің байқағаным жалпы жергілікті ер азаматтарының көбі шетелден келген қыздармен қарым қатынас құрады. Тіпті өзім танитын қазақ қыздары да осы жақтың азаматтарымен қыз жігіт болып жүріп жүр, бір қыз жақында тұрмысқа шығайын деп жатыр. Италия қыздары тұрмыс құруға асықпайды. Статистика бойынша 30-35 жастарында тұрмысқа шығады. Ал, біздің қыздар ертерек тұрмыс құрады. Менталитет жағынан осындай айырмашылық бар. Жергілікті ер азаматтардың шетелдік қыздарға үйленетінінің де бір себебі осы шығар. Бізге сабақта Италиядағы бір жылда некеге тұрған азаматтардың 70 мыңы өзге ұлт өкілдеріне үйленгендер деген ақпарат айтқан.
- Қазаққа дін, тарих, тіл жағынан мүлде ұқсамайтын Италия халқынан өзімізге нені үлгі етсек болады?
Ұлт ретінде бір идеологиямен өмір сүруді үйренсек болады деп айтар едім. Италия бір ұлтты мемлекет, халқының көп бөлігі италиялықтар. Бәріне ортақ бір идеология бар. Италиялық тамақ ең күшті, біздің климат ең қолайлы, киімдеріміз әлемдегі ең сапалы киімдер, Ferrari мықты көлік деген секілді өздерінің өнімдерімен, ұлттық тағамдарымен мақтанады. Италияда ата-бабалары Африкадан, Морокко, , Алжирден келген адамдар көп. Бірақ олар өздері осында дүниеге келгендіктен италиялықпын деп айтады. Біз елімізде туылған, өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілін қазақ демейміз ой. Ал мұнда кімнің тарихы, өткен өмірі қалай болғаны маңызды емес. Италияда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің барлығы өздерін біртұтас ұлт деп есептейді. Бізден сұраған кезде біз елімізде осындай ұлт өкілдері бар десек, олар сендер солай бөлесіңдер ме деп таң қалады. Бұл үрдіс бір жағынан жақсы, бір жағынан біздегідей әркім өз тегін біліп, өз ұлтының ерекшеліктерін сақтағаны да дұрыс шығар. Тағы бір қызық ақпарат, бізде әуежайда кедендік бақылауда қазақ болсын, шетелдік болсын барлығы бірге ұзын сонар кезекте тұрады ғой. Ал бұл жақта кедендік бақылаудан Италия азаматтары шетелдік азаматтардан бөлек, ешқандай кезексіз өтеді. Яғни, өздерінің ұлт өкілдеріне деген сыйластықты байқайсың, олар да өз үйлеріне келгенін әуежайдан бастап сезінеді. Бір сөзбен айтқанда бір-бірлеріне деген жылы көзқарас пен жақсы қарым-қатынас сол жерден басталады. Ал, Қазақстанда өкінішке орай ондай жоқ. Демалысқа барғанда әуежайда өзіңнің еліңе келгендей сезінбейсің.
- Италия халқы өздерін мақтағанды жақсы көреді деп қалдыңыз. Сол қасиеттері сіз секілді шетелдіктерге кері әсер ететін жағдайлар бола ма?
Әрине, болады. Біз көпұлтты қоғамда өмір сүргендіктен басқа ұлттың салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктеріне сыйластықпен қарап, қабылдай аламыз. Ал Италия халқы керісінше, «ой бұған қарағанда біздікі күшті» деп өздерін көтермелей береді. Тағы бір қызық жағдай, мұнда басқа ұлттардың тамағын дайындайтын мейрамханалар жоқтың қасы. Барлық жерде италиян асханасы. Оған қоса көп жерде Италия халқының ұлтшылдық қасиеті білініп тұрады. Біз азият болғаннан кейін көп жерде олардың іс-әрекетінен ұлтшылдығын байқап қаламыз. Мысалы, қарпайым ғана тамақтанатын орындарда тамақты өздерінің халқына көп, ал бізге аз салып береді. Осындай қарапайым дүниелерден мақтаншақтықтарының кері әсерін байқауға болады.
- Ол жақта ЛГБТ өкілдеріне деген көзқарас қандай?
Италия Еуропадағы діни елдердің бірі ғой. Оның үстіне Римде христиан дінінің католик бағытында қасиетті орын саналатын Ватикан орналасқандықтан бұл жақта ЛГБТ өкілдеріне жақсы қарайды деп айта алмаймын . Бірақ, оларға сүзіліп қараған, ұрысқан адамдарды да көрмеппін. Алайда, кейбір италиялық блогерлердің кішкентай қалаларда адамдар тарапынан қысым бар, көшеде емін еркін қол ұстасып жүре алмаймыз дегендерін естідім.
- Шетте жүріп, қазақтың ұлт ретіндегі қандай қасиетін бағалай бастадыңыз?
Қазақтың жаңа дүниеге құштарлығын, ізденгіштігін, көп нәрсеге позитивті қарай алатынын бағалай бастадым. Мысалы, біздің халық жаңа тілді меңгеруге де өте бейім. Италиядағы көп адамдар ағылшын тілін білмейді. Өздерінің тіліне ұқсас испан, француз тілдерін біледі. Осы тұрғыдан салыстырғанда біздің халық жаңа тілді меңгеруге бейім. Жоғарыда айтып өткенімдей біз өзге ұлттардың мәдениетіне, тіліне, салт-дәстүріне құрметпен, толерантты түрде қарай алатынымыз да біздің үлкен жетістігіміз екен.
Әңгімеңізге рақмет!