Италияда алғаш рет үкімет басына әйел келуі мүмкін

Экзит-полл нәтижесі бойынша, оң орталықшыл коалиция 41-45% дауыспен жеңіске жетіп, парламенттің екі палатасында да көпшілік орынға қол жеткізді.

«Италия ағайындылары» партиясының жетекшісі Джорджа Мелони елдің келесі премьер-министрі болуы мүмкін.

Егер солай болса, ол Италия үкіметінің басшысы лауазымын иеленген алғашқы әйел болады.

Сайлауды бастапқыда 2023 жылдың көктемінде өткізу жоспарланған.


Алайда шілде айында премьер-министр Марио Драги отставкаға кетіп, оның құрамында солшыл, оң және орталық партиялардан тұратын коалициялық үкіметі ыдырағаннан кейін елде мерзімінен бұрын жалпы сайлау белгіленді.

Сайлаудың ресми қорытындысы дүйсенбі күні жарияланады.