Иттер жарысында қазақы тазы топ жарды

30-ға жуық ит байкджоринг сайысы бойынша сынға түсті. Бұл ойында велосипедке иесі отырады, ал ит жегіледі. Сөйтіп мәре сызығына бірінші болып келуге тырысады. Итті жеті қазынаның бірі деп қадірлейтін қалың жұрт Шахтинск қаласының маңына жиналып, төрт аяқтылардың додасын тамашалады. Шараға неміс овчаркасы мен хаски тұқымдас иттер, қазақы тазы да қатысты. Шахтинск қаласында қыстыгүні итті шанаға жегіп жарыс өткізіледі. Ұйымдастырушылар енді жазғы жарыстар осыдан бастау алып, дәстүрге айналғандығын қалайды. Сайыстың бас жүлдесін Басар атты қазақы тазы мен оның иесі Рамазан Үсеев жеңіп алды.

- Бес тазым бар, оның үшеуі ұрғашы, екеуі арлан. Былтыр Астанаға бардық, Өскеменде болдық . Алматыға бірнеше рет барып, барлығында жүлделі орын алдық, - дейді байқау жеңімпазы Рамазан Үсеев.