Бұл туралы спорт журналисі Аслан Каженов Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Иығының еті сөгіліп, сіңірі жыртылған...
Мына жаңалықты оқып, ішім ашып отыр. Әбибаның былтыр алған жарақаты әлі жазылмаған. Оған, тіпті, операция жасау керек екен. Отандық дзюдоның басы-қасындағылар не қарап жүр? Әлгі, штаб қайда? Париж олимпиадасына дайындық деп, апта сайын бас қосасыңдар. Қабақты түйіп алып, бірдеңе талқылап отырасыңдар. Не айтып жатсыңдар өзі? Негізгі мәселе осы емес пе? Мына қыз неге мүгедектің күйін кешіп жүр? Жүлде алғаны керек. Ал, өзі ше?
Иығын Дохада өткен әлем чемпионатында ауыртып алды. Ол жарыста мен де болғам. Командада дәрігер жоқ. Сәйкесінше, уақытылы қаралмады. Тіпті, сол Қатар астанасында рентгенге де түспеді ғой. Ең болмаса соған қаражат пен мүмкіндік табылмады. Бір апта бойы ауырсынып жүріп, елге келгеннен соң тексерілді. Сол кезде ғана сіңірі жыртылғаны анықталды.
Одан бері бір жыл өтті. Толыққанды қалпына келген шығар десем. Жоқ. «Иығымның екі жерінен еті сөгіліп, сіңірі жыртылып жатыр» - дейді. Сөйтіп жүріп, жыл басынан бері екі әлемдік аламанға қатысып, екеуінде де жүлдеге ілікті. Енді оны бірер аптадан кейін Ташкентке сүйрелеп апармақпыз. Не істеп жатырмыз? Кейінгі жарыс соншалық маңызды ма? Бұл қыздың денсаулығын қайтеміз? Жалғыз ғана үмітіміз ғой. Оны да бейшара күйге түсірдік.", - деп жазды ол.