Соның ішінде полицейлер ауыр қылмыс түріне жататын 3 тонаушылық әрекетке қатысы бар күдіктілерді құрықтады.
Сондай-ақ, облыстың Жамбыл ауданында 26 жастағы Б.Нартаев есімді қылмыскер ұсталды. Ол Алматы мен еліміздің бірқатар аудандарында болған ауыр қылмыстарға қатысты деген күдік бар. Оны іздестіру туралы ақпарат ҚР ІІМ-де болатын. Полиция ақпаратына сәйкес, тұтқын "Төрт ағайынды " атты ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі болып табылады.
Сондай-ақ, табиғат қорғау жөніндегі полиция қызметкерлері Талғар ауданындағы Іле-Алатау ұлттық табиғи қорығының аумағында Қызыл кітапқа енгізілген 1,5 текше метр жабайы алма ағашын қырқып тастаған табиғат қаскөйін ұстады. Полицияның болжамына сәйкес, браконьер құнды ағаш түріне жататын жабайы алма ағашын жиҺаз жасау мақсатында пайдаланғысы келген сыңайлы. Тұтқынның қолынан тіркелмеген 16-шы калибрлі қос ауызды мылтық тәркіленді.
Ұсталғандардың барлығы да уақытша тергеу абақтысына қамалып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.