Із-түссіз жоғалған малайзиялық ұшақ радарға «көрінбеу» үшін өте төмен ұшқан

Бұл туралы дүйсенбі күні Малайзияның «Нью стрейтс таймс» басылымы хабарлады.

Мамандардың болжамынша, ұшақты айдап әкеткендер авиониканың қыр-сырына қанық болуы мүмкін. Сондықтан Бенгаль бұғазы аумағында коммерциялық рейстерді бақылап отыратын радарларға көрінбес үшін төменірек ұшып, оны солтүстікке бұрып әкеткен.

Өткен демалыста Малайзия билігі белгісіз біреулердің ұшақ бағытын қасақана өзгерткенін мәлімдеген болатын.

Премьер-министр Наджиб Разактың айтуынша, Бейжіңге бет алған ұшақ ұшырылғаннан кейін бір ксағат өткен соң бағытын өзгертіп, батысқа, Үнді мұхитына қарай бұрылған. Сонымен қатар, «Боинг-777» ұшағы туралы мәлімет беретін құралдар да тегіс өшірілген көрінеді.

Лайнердегі ұшқыштардың сөздері де ұшақтың ұрланғанын дәлелдей алады, дейді мамандар. Атап айтқанда, диспетчерлер соңғы рет ұшқыштардан «Ендеше, қайырлы түн» деген сөзді естіпті.