Кезінде әлемнің үздік оқу орнында халықтың ақшасына білім алған Бишімбаев өмірінің талай жылын темір тордың арғы жағында өткізеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Прокурор Айжан Аймағанова сот отырысында Бишімбаевқа 24 жыл сұраған еді. Судья Айжан Құлбаева да әйелін өлтірген абьюзерге аяушылық көрсетпеді. Кезінде Қазақстанның «алтын жастары» саналған Бишімбаев енді өмірінің «алтын жылдарын» темір тордың арғы жағында өткізеді.
"Меніңше, айыптаушылар заң аясындағы ең ауыр жазаны тағайындады. Өйткені Бишімбаевқа «азаптау» және «қатігездікпен кісі өлтіру» баптары бойынша айып тағылды. Осыған ұқсас басқа шешімдерге көбіне 15 жылдай жаза берген. Ал өмір бойына бас бостандығынан айыру Күлекбаев, Челах секілді көп адам өлтіргендерге тағайындалыпты.
Әрине, қоғамдық пікірді ескерсек, дәл қазір халық Бишімбаевтың өмір бойына сотталғанын қалап отыр. Алайда халық қалады екен деп заңнан аттап кетуге де болмайды. Сондықтан Қылмыстық кодексте көрсетілген мерзім тағайындалды.
БАҚ беттерінде бірнеше адвокаттың осы Бишімбаев ісіне қатысты пікірі жарияланған. Көбісі экс-министрге шамамен 20 жылдай беріледі деген сыңайдағы пікір айтқан еді. Солардың айтқаны дәл келіп отыр. Әйелін аямағанды қоғам да аямауы қажет. Аяған да жоқ.
Сот отырысының тікелей эфирде көрсетілуі біраз нәрсеге көзімізді ашты.
Біріншіден, көбіміз сот отырысының қалай жүретінін көрдік, білдік. Прокурордың міндеті қандай, судья қалай шешім шығарады. Оның бәрін түсіндік. Алқабилер туралы да білім көкжиегіміз біраз кеңейді. Оларды суретке, видеоға түсірмеу қажет екенін білмейді екенбіз. Қысқасы, сот процесінен толық хабардар болдық.
Екіншіден, адамның түрі мен дауысы мың құбылатынын, қылмысын жасыру үшін бәріне баратынына көзіміз жетті. Кезінде елдің экономикасын дамытады деп сенген министрдің көріпкелге сеніп жүргенін көрдік. Қазақстанның экономикасы сол уақытта неліктен қарыштап дамымауының бір себебі де осы шығар.
Үшіншіден бұл оқиға Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджіне оң әсер етті. Әйелін ұрған экс-министрдің соты мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануын сарапшылар жоғары бағалап отыр. Әсіресе, АҚШ, БҰҰ тарапы Қазақстанда қабылданған жаңа заңға қолдау көрсетті. Мұның бәрі, әлбетте, еліміздің имиджіне оң ықпал береді.
Төртіншіден һәм ең бастысы, сот отырысын тікелей эфирден көрсету ашық қоғам қалыптастыруға жол ашады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақалды қазіргі заманға сай «ел болам десең, сот жүйеңді түзе» деп айтсақ, қателеспейміз. Ал сот процесін онлайн көрсету бұған мүмкіндік береді. Ашықтық қалыптастырып қана қоймай, сот жүйесіне деген халықтың сенімін де қалпына келтіреді. Сонымен жарты жылға жуық Қазақстаннан асып, алыс-жақын шетелге танымал болған сот та бітті. Жаза өте әділ болды. Аса ауыр қылмыс жасағандар отыратын колонияда жиырма төрт жыл отырдың не өмір бойына отырдың не бірдей ғой.
Әйелдер жыламасын, шаңырақтар шайқалмасын!", - деп жазыпты журналист.