“Экстрадация мәселесін көтереміз”: Ресей қазақтарды қорлаған Биволдың экс-әйелін Қазақстанға ұстап бере ме

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланған.

“Тергеу жалғасуда. Біз Ресей полициясымен байланыстамыз. Ол ұсталған жағдайда, Бас прокуратура арқылы экстрадициялау мәселесін көтереміз”, — деді Әділов Сенат кулуарында.

Журналистердің “күдікті Ресей азаматы болса, экстрадиция қалай жүзеге асады?” деген сұрағына ол:

“Ұсталса, Бас прокуратурадан оны беруді сұраймыз”, — деп жауап берді.

Мән-жай

Ресейлік боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Бивол әлеуметтік желілерде түрлі ұлт өкілдерін, соның ішінде қырғыздар мен қазақтарғс тіл тигізіп, балағаттап видео жариялаған. Артынша, нақтырақ айтсақ 25 қазан күні Қырғызстанның ІІМ, ал 31 қазанда Қазақстанның ІІМ Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғады. Екі елде де оған халықаралық іздеу жарияланып, қамауға алу туралы ордер берілді.

Бұған дейін ол бұрынғы күйеуі, WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы, ресейлік боксшы Дмитрий Биволдың да отбасына қатысты жағымсыз пікір айтқан еді. Ол экс күйеуінің анасын “тозақтың туындысы” деп атады.

Дмитрий мен Екатерина 2014 жылы үйленген. Ортақ балалары бар. Ерлі-зайыптылар 2023 жылдың маусымында ажырасса да экс жұбайлар арасындағы жанжал тоқтар емес. Керісінше өршіп, әлеуметтік желілерде өзара айыптауларға ұласқан. Екатерина бұрынғы күйеуін зорлық-зомбылық, опасыздық және қаржылық алаяқтық жасады деп айыптаса, Дмитрий оның мінез-құлқын “аморальды” деп атады.