Қажет мегаваттар қазір күн сайын көрші елдерден қымбат бағамен импортталып жатыр. Оларды алдағы екі жылда алмастыру, үкіметтің айтуынша, екіталай. Жаңа станцияларды салуға қаржы жеткіліксіз, болса да өте баяу іске асуы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту жоспарын жариялады. Оған сәйкес, 26 ГВт-тан астам жаңа қуат енгізу жоспарланып отыр. Бұл бүгінгі қолданыстағы барлық станциялардың жиынтық қуатынан шамамен 25%-ға артық.
Ресми болжам бойынша, 2025 жылы Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығы 5,7 млрд кВт·сағ-қа жетеді, бұрын жарияланған мәліметтерден шамамен 73%-ға көп. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл тапшылықты жабу үшін қуаты 540 МВт болатын үш-төрт энергия блогын іске қосу қажет. Министр сондай-ақ отандық энергетика секторын дамыту үшін инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті.
«Менің ойымша, біз инвестиция үшін күресуіміз керек. Бұл инвестициялар елге қайтарымдылығын есепке алмай өздігінен келмейді. Елестетіп көріңіздер: 1 млрд долларды қайтарымсыз шартсыз қалай тартуға болады? Немесе оны 30 жыл бойы өте төмен пайыздық мөлшерлемемен және жоғары инфляциялық күтулер жағдайында қайтару керек болса не істейміз?».
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда ең алдымен электр желілеріндегі жабдықтардың тозу мәселесін шешу қажет. Ескірген инфрақұрылым техникалық шығындардың артуына әкеледі. Тағы бір маңызды мәселе – сұранысты басқару жүйесінің әлсіздігі. Соның салдарынан елдегі электрмен қамту біркелкі бөлінбейді: кейбір өңірлерде профицит болса, кейбірінде тапшылық орын алады.
Әсіресе, жағдай халық саны мен өнеркәсіптік нысандар саны қарқынды өсіп жатқан оңтүстік өңірлерде өткір. Ал профицит байқалатын аймақтар, негізінен халық саны азайып, көптеген өнеркәсіп орындары тоқтап тұрған солтүстік пен шығыс.
Сарапшылардың айтуынша, жоспарланған жобаларды іске асыру 2026 жылдың соңына қарай электр энергиясының тапшылығын 2,6 млрд кВт·сағ-қа дейін қысқартады. Негізгі қадамдардың бірі – Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру. Бұл жоба батыс өңірлердің энергия қауіпсіздігі мен энергия тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызға ие деп есептеледі.
Бұдан бөлек, көрші мемлекеттермен ынтымақтастықты кеңейтуге де айрықша мән беріліп отыр. Атап айтқанда, екі ірі жоба жүзеге асырылмақ. Соның біріншісі – КОП-29 аясында Бакуде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасында үш елдің энергетикалық жүйелерін өзара біріктіру жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы келісім.
Жасыл энергетикаға да стратегиялық жоспарларда ерекше орын берілген. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда қуаты 3,8 ГВт болатын, энергия сақтау жүйелерімен жабдықталған төрт ірі жел электр станциясы іске қосылады. Олардың барлығы үкіметаралық келісімдер шеңберінде шетелдік инвестициялар есебінен салынады. Жобаның инвесторлары – Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Қытайдың энергетикалық компаниялары.