Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.
«Былтырғы жылдың екінші жартысында бірқатар экономикалық процестер күрт баяулады. Біздің негізгі экспорттық тауарларымызға, мұнай мен басқа да шикізаттарға баға өзгерді. Бұл бюджеттің атқарылуына да әсер етті, біз содан туындаған қажеттілікке орай, бюджетті түзеттік. Біздің ойымызша, таяудағы 3-5 жылда біз ресурстарға, шикізаттық тауарларға бағаның төмендеу дәуірінде өмір сүретін боламыз. Сондықтан да, алдағы бюджетті қалыптастыру барысында шикізаттық тауарларға бағаның төмендігі ескеріледі», - деді Кәрім Мәсімов.
Үкімет басшысының айтуынша, бұндай жағдай бірқатар бағдарламаларды қайта қарауды да талап етеді. «Бағдарламалар ғана емес, бюджеттік шығыстар да қайта қаралуға жатады. Осыған орай, біз депутаттық корпустың қолдауына сенеміз», - деді Премьер-Министр.