К. Мәсімов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысуда

2016 жылы үкіметаралық кеңеске Қазақстан төрағалық етеді.

Отырыс қатысушылары Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастықтың салалық бағыттарын дамытуға қатысты интеграциялық күн тәртібі мәселелерін және интеграциялық бірлестікке қатысушы елдер экономикаларының орнықты даму шараларының кең ауқымын қарайды.

ЕАЭО мүше-мемлекеттер үкіметтерінің басшылары 2014 жылғы 29 мамырда құрылған ЕАЭО туралы шарттың жекелеген ережелерінде көзделген және Одаққа мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, әлемдік шикізат нарығында олардың бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейін арттыруды қарастыратын ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ  нарықтарын қалыптастыру тұжырымдамасының жобасын мақұлдауды жоспарлайды.

Сонымен қатар, мүше-мемлекеттерді орнықты әлеуметтік-экономикалық дамытуды қамтамасыз ету және олардың технологиялық әлеуетін артыру бойынша бірқатар бағдарламалық құжаттар қаралып, бекітіледі. Олардың бірінің ішінде еуразиялық технологиялық платформа құру және оның жұмыс істеуі туралы ереже және кешенді технологиялық шешімдерді дайындау, өндіру, іске асыру, қызмет көрсетуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ Одақтың өнеркәсіптік кәсіпорындарына өзге де инженерлік-консультациялық қызметтер көрсететін Еуразиялық инжинирингтік орталық құру тұжырымдамасы бар.

Бұдан басқа, ЕАЭО мүше-мемлекеттер үкіметтерінің басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық және Жібек жолы экономикалық белдеуі қытайлық бастамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың түйісуі мәселелерін талқылайды.