"Кабинетте отырғандар қабылдаған шешім": Құрылысшылар бұрынғы уақытты қайтаруды талап етті

Құрылысшылардың уәжіне сүйенсек, билік бірыңғай уақыт белдеуіне ауыстырғанда саланың ерекшелігін ескермей енгізген. Петиция авторларының айтуынша, мұндай шешімді офисте отырып жұмыс істейтіндер қабылдаған. Жалпы күннің ерте бататыны туралы халық жаппай наразылық білдіруде. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Қазақстанда уақытты бұрынғы режимге қайтару мәселесі әлі де қызу талқылануда. Ел халқы күн сайын әлеуметтік желіде күннің ерте батуын сынға алып, биліктің мұндай шешіміне наразы.

Мысалы, белгілі журналист Асхат Ниязов өзінің Instagram парақшасында Қытай мен Қазақстанның шекарасында орналасқан Қорғас (Харгос) елді мекенінде болып, уақыт айырмашылығын видеоға түсірген. Ол аймақта сағат 19:40-та ғана күн батқан. Ал дәл сол уақытта Қазақстанда 16:40 болғанына қарамастан, бірдей қараңғы.

"Менің ойымша уақытты өзгерту ең қате шешім болды", - дейді журналист.

Тағы бір белгілі Павлодарлық блогер Владимир Кириченко Ресейдің Омбы қаласында болып, уақытты салыстырды. Омбыда сағат 16:00-де әлі жап-жарық. Ал Павлодарда түскі екіде күн батады.

"Омбы қаласының әкімшілігі қайда қарап отыр? Неге бұл жерде әлі жарық? Бізде уйықтайтын уақыт болды", - деді блогер әзіл-шыны аралас.

Бұл жолы бастаманы Қазақстан құрылысшылар одағы көтеріп отыр. Қоғам өкілдерінің айтуынша, елді бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру шешімі нақты еңбек жағдайлары мен өндірістік процестерді ескермей қабылданған. Олар бұрынғы уақытты қайтару жөнінде петиция жариялады. Құжат epetition.kz платформасында жеткілікті қол жинады. Қазіргі уақытта петиция модерация кезеңінен өтуде. 

«Бұрынғы уақытты қайтаруды талап етеміз. Уақытты ауыстыру туралы шешімді кабинетте отырған адамдар қабылдаған, ал жұмыс істейтін біз, осындай шешімнің теріс салдарларын атап өткіміз келеді: құрылыс-монтаж жұмыстарын тексеру сапасы төмендеуде, инженерлік және қасбеттік жұмыстардың сапасы төмендеп жатыр, материалдарды қабылдау сапасы күрделенді, электр энергиясын тұтыну айтарлықтай артты, жұмысшының биологиялық ырғағы бұзылып, ол жұмысты уақытынан бұрын аяқтауға дайындалады, соның есебінен пайдалану коэффициенті төмендейді, құрылыс-монтаж қызметтерінің өнімділігі төмендеді, бұл жалпы өңірлік өнімге әсер етеді», - делінген epetition.kz сайтында жарияланған петицияда.

Өтініш авторларының мәлімдеуінше, ерте қараңғы түсу салдары жұмыс барысына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Яғни, жұмысшылардың еңбек өнімділігі төмендеп, жұмыс сапасы ақсап барады. Сонымен қатар, бастама көтергендер бұл шешім электр энергиясын тұтынудың артуына және жұмысшылардың денсаулығы мен жалпы көңіл күйіне кері әсер еткенін де атаған.

Алайда Энергетика министрлігі бұл уәждермен келіспейді. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, уақыттың өзгеруі елдегі жалпы электр энергиясын тұтыну көлеміне әсер етпеген. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысын келтірді. Оның айтуынша, уақыттың өзгеруі осы өңірде қатты сезіледі, соған қарамастан өңірде электр энергиясын тұтыну бір жыл ішінде бар болғаны 1 пайызға ғана артқан. Ол сондай-ақ тұрғындар санының өсуін және жаңа нысандардың тұрақты түрде салынып жатқанын да атап өтті.

Ал уақыт өзгертілмеген өңірлерде энергия тұтыну көрсеткіштері керісінше өскен.

"Мәселен, Атырау облысында бұл өсім 13 пайызды құраған. Бұған жаңа өндіріс орындарының іске қосылуымен байланысты. Сондықтан бұл энергетика саласына қатысты шешім емес және оның тұтыну көлемінің өсуіне тікелей әсер етпеді", - дейді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов

Ведомство өкілдерінің пікірінше, кешкі жүктеме аздап ертерек басталғанымен, таңғы уақытта жарықтың ертерек түсуі бұл өзгерісті теңестірген.