"Екі елдің мәдениет саласындағы ықпалдастығында қазақтың даңқты ұлы, Мысыр мен Сирияның 13 -ғасырдағы атақты билеушісі Сұлтан Бейбарыстың тарихи мұрасы туралы тақырып айрықша маңызды. Осыған байланысты екі ел үкіметі Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын жасаған, оған таяу уақыттарда қол қойылады",- деді Е.Ертісбаев.
"Қазақстан жағы биыл жөндеу жұмыстарына кіріседі. 2007-жылы 1 млн АҚШ долларынан астам қаржы бөлінген",- деді министр.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Мысыр астанасындағы Сұлтан Бейбарыс кесенесі кешеніне Сұлтан Захир Бейбарыс пен оның ұлы Сұлтан Берке ханның бейіттері, сондай-ақ, мектеп-кітапхана енеді. Кітапханада 200 мыңдай қолжазбалар мен кітаптар сақталған.
Қазіргі жағдаймен Мысыр жағы үш кезеңмен межеленген жөндеу жұмыстарының екі кезеңін аяқтады. Үшінші кезеңде мешіттің күмбездері мен интерьері жөнделіп, іргетасы, бағандары мен тіреуіштері жаңаланып, мешіттің шатыры қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар Қазақстан жағының қаржысына жүзеге асырылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті