Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Экономист Юлия Тулупникова Финансы Mail басылымына берген сұхбатында, басты мәселе – бұл елдердің азаматтарының елеулі бөлігі зейнетақы бағдарламаларының аясынан тыс қалып қоятындығында дейді.
Қытай
Қытайда зейнетақы барлығына бірдей төленбейді. Осы себепті "Қытайда мүлде зейнетақы жоқ" деген қате пікір қалыптасқан. Зейнетақыны негізінен мемлекеттік мекемелерде және ірі қалалық кәсіпорындарда жұмыс істегендер алады. Ал халықтың шамамен 20%-ы ешбір зейнетақы жүйесіне кірмейді. Олар негізінен ауыл тұрғындары. Елдегі хукоу (тіркеу) жүйесіне байланысты олар қалаларда заңды түрде жұмыс істеп, әлеуметтік сақтандыруға қатыса алмайды.
Вьетнам және Филиппин
Бұл елдерде зейнетақы тек мемлекетке жұмыс істегендерге төленеді. Вьетнамда оған қоса зейнетақыны қалалық тұрғындар мен өнеркәсіп жұмысшылары ғана алады.
Үндістан
Үндістанда "зейнетақы" деген ұғым жоқ. Зейнетақы алуға тек мемлекеттік қызметкерлер ғана құқылы, ал олар халықтың шамамен 12%-ын ғана құрайды. Егде жастағы адамдарға қамқорлық жасау міндеті отбасы мүшелеріне және діни қорлар арқылы іске асатын әлеуметтік бағдарламаларға жүктелген.
Ирак және Пәкістан
Бұл елдерде де жағдай ұқсас.Зейнетақыны тек мемлекеттік қызметкерлер мен маңызды салаларда (мысалы, мұнай өндірісінде) жұмыс істегендер алады.Қалған тұрғындарды қартайғанда балалары мен туыстары асырайды, себебі бұл елдерде отбасылар әдетте көпбалалы.
Ауғанстан
Юлия Тулупникованың айтуынша, бұл зейнеткерлер үшін ең қолайсыз елдердің бірі. Мұнда әлеуметтік жәрдемақылар жоқ, ал орташа өмір сүру ұзақтығы 45 жастан аспайды.
Танзания және Гондурас
Бұл елдерде мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, адамдар өмір бойы жұмыс істеуге мәжбүр. Материалдық көмекке тек қарт полицейлер мен әскери қызметкерлер ғана үміт арта алады.
Гондураста 60 жасқа толғандарға шағын зейнетақы төленеді. Алайда бұл жасқа көп адам жете бермейді, сондықтан мемлекеттен қарттық бойынша төлем алатындар бар-жоғы 4% ғана.
Таиланд
Таиландта зейнетақыны кемінде 15 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істегендер алады. Төлем мөлшері – шамамен 500 доллар. Ал басқа азаматтарға зейнетақы қарастырылмаған, себебі ел халқының басым бөлігі бейресми түрде жұмыс істейді.
Гамбия
Зейнетақы мемлекеттік ұйымдарда және мемлекет қатысатын компанияларда жұмыс істегендерге ғана беріледі. Қалада немесе өндірісте еңбек ететін кейбір жұмысшылар зейнетақы ала алады, ал ауыл шаруашылығында істейтіндер мен бейресми жұмысшылар бұл жүйеден тыс қалады. Нәтижесінде халықтың тек 20%-ы ғана зейнетақы жүйесіне қатысады.
Гана
Мемлекеттік зейнетақы қорлары жеке және мемлекеттік сектор қызметкерлерімен, саудагерлермен, фермерлермен және шағын бизнес иелерімен жұмыс істейді. Сонымен қатар әскери қызметкерлерге, полицейлерге және кейбір шенеуніктерге төлемдер қарастырылған. Алайда іс жүзінде зейнетақыны жұмыс істейтін халықтың небәрі 10%-ы ғана алады, ал қалғандары қартайғанда мемлекеттен қолдау көрмейді.