Калачидің тағы бір тұрғыны есінен танды

Есінен танып ұйқыға кеткен Игорьге ауыл дәрігерлері көмектесе алмапты. Содан санитарлық авиацияның көмегімен облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілген. 23 жастағы жігіт осылайша бір ажалдан аман қалды. Қазір өміріне төнген қауіп сейілген.

 Игорь Самусенко, Калачи ауылының тұрғыны:

-Тамағымды ішіп болған соң, түнде ұйықтауға жаттым. Сол жатқаннан ұйықтап кетіппін. Есімді тек тікұшақ ішінде ғана жидым. Қазір жағдайым жақсы сияқты. Еш жерім ауырмайды.

Былтырдан бері Игорь секілді үлкені бар, кішісі бар, ұзын саны 35 адам өздігінен ұйқы қысып есінен танған. Дүрліктірген «аты жоқ» ауруды анықтау үшін ғалымдар мен білікті дәрігерлерден жасақталған арнайы комиссия Калачиде әлі жүр. Күн сайын түрлі сынамалар алып жатқанымен   нақты диагноз қойылар емес. Тығырыққа тірелген отандық медицина енді көмекті  шетелдік әріптестерінен сұрауға оқталып отыр.

Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі :

 –Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен жиі  сөйлесіп отырмын.  Жетпей жатқан мамандарды айт дедім. Комиссия құрамы көбейеді. Тіпті, өзге министрліктердің де мамандарын аттандырамыз. Бұл денсаулық сақтау саласының осалдығынан емес, қажет болса шетелдік мамандарды шақырамыз.

Министр жиі сөйлесіп отырған басшының жағымды жаңалығы жоқ.  Әзірше, дерттің жұқпалы емес екені дәлелденген.


Қасымжан Ташметов, Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

- Вирустық не болмаса тағамнан, судан уланудан дегеннің барлығы жоққа шығып келеді.  Комиссияның жұмыс істеуіне біздің тұрғындар да соған қолдау көрсетіп соған ат салысуы керек.

-Денсаулық сақтау министрлігі Калачи тұрғындарын аурудан айықтырудың амалын қарастырып, бастары қатып жатыр. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан да көмек сұрамақ.Шамасы,отандық дәрігерлер өз күштерінің жетпесін түсінген сыңайлы. Ал, ұйқы қысып, белгісіз аурудың шырмауында қалған жұрттың ендігі үміті сынама қорытындысында. Ол  наурыздың 20-сынан кейін ғана белгілі болады.