Ол осындай мүшкіл халге биліктегі атқамінерлерді сынады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Желіде жергілікті билікке өкпесін білдірген ол, тасқын судан зардап шеккен халықты қалай жұбатарын білмейтінін ашып айтты.
"От пен судың ортасында өтіп жатқан қайран қазақтың өмірін-ай...Су астында қалған өңірлердің бәрін гастрольдермен жүріп өткем, өнерге, қазақ әніне сонша іңкәр тұрғындарымен дидарласқанмын. Сондай қарапайым, сондай тәубешіл, ешкім зардап-зияны жоқ жұртыма төне беретін не қатер бұл? Айналып келіп жапа шегіп жатқан ауылдағы, елдегі өз күнін өзі көріп отырған бейнеткеш халық. Қирап жатқан, шаңырағы ортасына түсіп жатқан бай-манаптардың тас қамалдары емес, ырқыл-жырқылдан жырақта қоңырқай тіршілік етіп жатқан, бит терісін биялай қылып қабырғасын қалап, сонысына шүкір етіп жүрген, жаны жабырқау жұрттың жалғыз баспаналары... Ол үйлер қара шаңырақ еді, бабадан қалған, әкеден қалған көз еді, құттыхана мешіт еді, елдегі ағайынның жалғыз жұбанышы еді. Қазақ даласында бұл үйлерден асқан жомарт, кең шаңырақ болмаған шығар сірә. Мынау салғырттық соның бәрін аяусыз қиратқандай. Әлі қамсыз, әлі ойсыз, бірақ... Соңғы сенімнің жібін үзсе де жүздері жарқын... Әлі алдап келеді. Қауіп жоқ деген сайын, өршеленген су жан-жақтан жайпап барады. Сонда да мына біреулер өтірік алдарқатуын доғарар емес... Қашан ел боламыз?! Қазақтың өзегін зардан, көзін жастан құрғатпау ғұмырлық миссиялары ма? Ескі-жаңа деп есі кеткен есерлердің құлқынын тескен Қазақ тағдыры қашан қамсыз күн кешеді?
Қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді кейде, біздің қолдан келер қайран не?... Қалың ел, қайран жұртым-ау., сіздерді қалай жұбатырымызды білмейміз", - деп налыды әнші.