"Қалаулым" деген бағдарламамен шатастырып алды ма": Танымал заңгер Аша Матайды дебатқа шақырды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Заңгер Instagram желісіндегі парақшасында видео жариялап, шоу-бизнес өкілдерінің Құрылтай депутаттығына үміткер болуы қоғамда қызу талқыланып жатқанын айтты.

"Әлеуметтік желіде, қоғамда Аша Матай мен Тамара Асардың Құрылтайға үміткер ретінде тіркелуі қызу талқыланып жатыр. Олар қымсынып жатқан жоқ. Ардақ Назаровтың Парламент мінберінен анасын құттықтағаннан кейін қоғам заң шығарушы органда әнші, блогер, спортшылардың болуына қарсы ойын жеткізген сияқты еді. Десе де басқаларға жетпеген сияқты. Аша Матайдың "бұл өзімнің қалауым" дегені "Қалаулым" деген бағдарламамен шатастырып алды ма деп те ойлайсың. Заң шығаратын орган - өзінің қалауымен баратын орын емес. Бұл - халықтың қалауымен баратын жер, және халықтың мүддесі үшін терлеп, шыңғырып, шырылдап, тырысатын жер", - дейді Мейірман Шекеев.

Сондай-ақ, ол Аша Матайдың заңнаманы толық оқып шыққаны туралы мәлімдемесіне күмән келтіріп, оны көпшілік алдында пікірсайысқа шақырды.

"Содан кейін Аша Матайдың "мен заңның бәрін оқып шықтым" дегеніне таң қалдым. "Заңгерлер екі-ақ заң біледі" деп бізге тиісетін кейбір әншілер, блогерлер бар. Сіздер заңды қай кезде оқып шығып жатырсыздар?! Мен 26 жыл бойы күнделікті заңмен жұмыс істеп келе жатырмын. Қай заңның кем тұсын, қай заңның дұрыс тұсын білемін. Бірақ соның өзінде барлық заңды оқып шықпаппын. Оған мүмкіндік жоқ. Аша Матайдың заң шығаратын орынға "заңның бәрін оқып шықтым" деп бара жатқанының куәсі болу үшін жекпе-жек дебатқа шақырамын. Яғни, қазақтың болашағын айқындайтын Құрылтайдың депутаты мен қарапайым заңгердің арасындағы сұхбатты көргілеріңіз келе ме?", - дейді ол.

Аталмыш видео 3 сағаттың ішінде 500 мыңға жуық қаралым жинап, 13 мыңға жуық пікір жазылған. Желі қолданушыларының басым бөлігі заңгердің бұл ойын бір ауыздан қолдап жатыр.

"Қолдаймыз, әр адам өз мамандығы бойынша жұмыс істесін", "Иә, бәрі ашық, әділ өтсін, сұхбатқа шақырыңыз", "Өте орынды ұсыныс, Аша қабылдайды деп ойлаймыз. Мықты екенін дәлелдесін", "Қызықты дебат, сұхбат болатын сияқты", - деп жазды олар.

Әзірге Аша Матай заңгердің бұл ұсынысына қатысты пікір білдірген жоқ.

Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты елде бір палаталы жаңа парламент құрылады. Құрылтай құрамына 145 депутат енеді.