"Қалқаман" метро бекетінің құрылысы аяқталуға жақын

Алматы метрополитенінің «Қалқаман» бекетінің құрылысы аяқталуға жақын. Метрополитеннің ресми парақшасында жаңа станция арқылы алғашқы сынақ пойыздарының жүрген сәті жарияланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.

Видеодан Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының сынақ пойызымен «Қалқаман» станциясына барғанын көруге болады. Қазіргі таңда станцияның құрылыс жұмыстары 97 пайызға аяқталған.

Бейнежазбаға қарағанда, перрон мен оған іргелес аумақтағы әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Станцияның ішкі көрінісі қазақ қызының бейнесі бедерленген барельефпен безендірілген.

Желі қолданушылары пікірлерде жаңа станцияны қыркүйек айына дейін ашуды сұрап жатыр. Олардың айтуынша, бұл жаңа оқу жылы қарсаңында тұрғындардың жұмыс пен оқу орындарына қатынауын жеңілдетеді.

Бұған дейін Алматы метрополитенінің уақытша директоры Арсен Жангелдин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қалқаман» станциясын 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Яғни, қаланың көлік картасындағы жаңа нүкте осы жылдың соңында өз жұмысын бастайды.

Еске салайық, жаңа станция «Бауыржан Момышұлы» бекетінен кейін жалғасады. Жоба қаланың батыс бөлігіндегі ықшамаудандар тұрғындарының орталыққа қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта метро желісін «Барлық» базары бағытына дейін ұзарту жоспарланған.